Осы атпен аталатын ауыл елімізге етене таныс. Еңбек Ері Иван Сауэр бұл ауылды миллионер елді мекенге айналдырды. Қазір бұл ауылда тұрғысы келетіндер кезек күтіп отыр десек, біреу сенер, біреу сенбес.
Міне, қасиетті Құрбан айттың алғашқы күні мұнда көк күмбезді мешіт есігін айқара ашты, деп хабарлайды nasihat.kz.
Мешітті Еңбек Ері, белгілі меценат Иван Сауэр өз қаражатына салып шықты.
Ашылу салтанатына елімізге белгілі тұлғалар қатысты. Олардың қатарында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Ауған соғысының ардагері, генерал Бақытжан Ертаев, метрополит Астанайский және Казахстанский Александр және депутаттар, бизнес өкілдері бар. Жергілікті халық бұл жаңалықты жылы қабылдады. Иван Сауэрдің өзі ауыл тұрғындарының діни құлшылықтарын жасау үшін көрші елдерге барып жүргенін көріп, білгесін мешіт салуға шешім қабылдағанын айтты.
Мұнымен бірге, мешіттің имамына үй салып, жалақысын да өзі көтеретінін жеткізді. Ал, осы шараға қатысушы кәсіпкерлер ауылдың жаңа мешітіне жеңіл көлікті сыйға тартты.
Мешітке Иван Сауэрдің әкесінің жан досы, өмірдің сан қилы белесінде қиындық көріп өткен Мұқыш Наубайұлы марқұмның есімін берілді. Бұл да көп ұлттың басына түскен қиын жылдары бауырын алаламай қанатының астына алған қазақ ұлтына деген құрмет пен достықтың белгісі іспеттес деп түйін түйді жиылған жұрт. Ал, облыс әкімі Сауэр мырзаның мұсылман қауымына осындай мешіт салып беруі басқа да кәсіпкерлерге де үлгі-өнеге болатынын атап өтті. Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хаты Иван Сауэрге табыс етілді.