Туризмді жетілдіріп, жайнатып ала кетер маман тапшы. Ақмола облысында қонақүйлер мен дәмханаларға тазалықшы, бармен мен даяшы секілді 1 жарым мыңға жуық қызметкер керек екен. Бұл жылдағы мәселе. Бірақ шешімі де табылар емес, деп хабарлайды «Хабар24».
Бурабайда осыдан 3 жыл бұрын ашылған бұл қонақүйдің басшылығы содан бері маман тапшылығымен күресіп келеді. Мұнда жыл сайын 20 шақты қызметкер жетіспейді. Олардың барлығы дерлік техникалық персонал. Бос орынға келетін адамдарды жарияға жар салып іздейді. Алайда таба алмайды. Табылғанының өзі көп тұрақтамайды.
Кристина Аносова, қонақүй менеджері:
– Біз жұмыспен қамту орталығымен де байланыстамыз. Ара-тұра олар арқылы да мамандарды табуға тырысамыз. Ал жаңа келген қызметкерлерден біз ешқандай білім және тәжірибе талап етпейміз. Оны өзіміз оқытып, мықты маман болуына жағдай жасаймыз. Жалақысы да тұрақты болады. Алайда осының бәріне қарамастан маман жетіспеушілігі жиі боп тұрады.
Менеджердің сөзінше, қызмет көрсету саласына көбіне жастар алынады. Бірақ олардың біразы, өкінішке орай, шыдамсыз әрі жалқау. Келушілер көбейіп, жұмыс ауырлағанда қызметін тастап кете барады дейді қонақүй өкілі. Ал кадр тапшылығы ақырында сервис сапасын төмендетіп, туристік нысанның имиджіне кері әсер етеді. Салаға жауаптылар мұның бәрін біліп отыр. Алайда қолдан келер шара шамалы дегенді айтады.
Андрей Подгурский, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
– Бұл жерде біздің облыстың астанаға жақын орналасқандығын да айта кету керек. Себебі, аймақта тәжірибе жинаған маман, жақсы табыс табу үшін елордаға ауысып кетеді. Жалпы туризм саласы қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, спорт және ойын-сауық секілді бірнеше бағыттан тұрады. Ал олардың бәрін білікті кадрмен қамтамасыз ету мүмкін емес. Дегенмен, соған тырысып жатырмыз. Тым болмағанда бос орындарды толтыруға күш саламыз.
Қызметкерлердің жетіспеушілігін туризм саласының кей мамандықтарына оқытатын жергілікті 2 университет пен 2 колледж де шеше алмай отыр. Олар жыл сайын 100 шақты маман түлетеді. Алайда, бұл, жеткіліксіз. Себебі, жылда 1 мыңнан астам вакансия пайда болады. Сондықтан, жергілікті билік өкілдері, биыл алғаш рет еліміздегі жалғыз туризм университетімен әріптестік байланыс орнатқан.
Күлтай Әділова, Туризм университетінің проректоры:
– Біздің мақсатымыз не? Мемлекет тарапынан бөлінген грантты республиканың бүкіл аймақтарына теңдей бөлу. Осы мақсатта облыс әкімшіліктерімен кездесіп, сол мақсатты аудитория дейміз ғой. Яғни, сол география мен ағылшын тілін таңдаған, болашақта туризм саласында қызмет атқарғысы келетін мектеп түлектерімен кездесу өткізіп келе жатырмыз. Біз қазір айтып отырмыз, 75 грантқа дейін әр облысқа береміз деп.
Ақмола облысында бүгінде 400-ге жуық туристік нысан бар. Олардың дені Бурабайда. Ал, биыл көрші елдермен шекараның ашылуына байланысты аймаққа қыдырып келушілер көбеюі мүмкін. Туристердің қатары артса, қызмет көрсетуші мамандарға деген сұраныс та өсетіні даусыз. Осыны ескерген қонақүйлер мен дәмханалар, қазір жаңа маусымға қызу дайындық үстінде.