spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-3.8 C
Kokshetau

Абылай ханның қара жолы: Сананы серпілтіп, жігерді жаныған жолсапар

Сондай-ақ...оқыңыз

Гəкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ. Көкшетау гәзеті

Маусым айының 12-ші жұлдызы қасиетті Көкшетаудан, Абылай хан алаңынан Батысқа екі аптадан асатын мерзімге «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы аттанып, белгіленген мерзімде маусымның 26-сы күні елге оралды. Қалаға кіреберіс жерге жиналған көпшілік үлкен қошеметпен бізді қарсы алды. Бұл еліміздің оңтүстік, шығыс, орталық өңірлерін қоса алғанда жасалған төртінші экспедиция болды. Тағы бір ерекшелігі, оның халықаралық сипат а

луында, себебі экспедиция мүшелері қазақтың алғашқы астанасы Орынбор қаласына да барып қайтты. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев бұл игі бастамаға өзі қолдау білдіріп келеді. Жетекшісі – қоғам қайраткері, өлкетанушы, туған тарихына жанашыр жан Мұрат қажы Ыдырысұлы. Бұл жолы жол талғамайтын үш көлікпен 12 сапарластарын алып шықты. 12-26 маусым аралығына жоспарланған бұл жолғы экспедицияның тақырыбы – «Алтын Орданың 750 жылдығы», «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл», қазақтың батыр қыздары, халық қаһармандары Мəншүк Мəметова мен Хиуаз Доспанованың 100 жылдық мерейтойларына арналған «Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) хандары жолымен».

Өлкетанушылар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, кəсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысқан экспедицияның мақсаты Қазақстанның Батыс өңірінің ерлік, тарихи, рухани, мəдени өмірі мен салт-дəстүрін зерделеу болатын. Жолдың ұзындығы 8500 шақырым. Жол ұзақ, əрі жауапты. Бұрын барып көрмеген аймақ, бізге бəрі таңсық. «Əр елдің заңы басқа, иті қара қасқа» демекші, батыс өңірдің өзіндік өмір салты, əдет-ғұрпы, жол-жоралғысы бар. Көкшетаудан көк туымызды, Абылай бабамыздың ақ туын желбіретіп, Атбасар арқылы шықтық. Зеренді трассасы бойындағы Қарауыл Дүйсен би бабаның ескерткішіне тоқтап, аруақты бабадан жол амандығын сұрап, тілек тіледік. Ақан сері əнге қосқан Балқадишаны да ұмытқан жоқпыз. Атбасар қаласындағы Ілияс Есенберлин музейінде рухани орда меңгерушісі Ұлболсын Қамбатырова бізді құшақ жая қарсы алды. Осы өңірде Абылай ханның жазғы қонысы болған дейді сапарлас құрбымыз, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі, тарихшы Бибігүл Бейсенбайқызы.

Бұл дерек əлі толық зерттелген жоқ. Жарқайыңдық жайсаң жандар да бізді ауданға кіреберіс жерде шатыр тігіп, суырыпсалма ақыны өлең арнап қарсы алды. Өз заманының меценаты, 4 рет қажылыққа барған Ахметбайдың, Абылай ханның тұсында жаугершілік заманда елін, жерін жаудан қорғаған алып тұлғалы Киікбай батыр, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық соғысына бастан-аяқ қатысып, соңғы сəтке дейін қасында болған Баубек батыр жатқан жерге де бардық. Арқалық қаласындағы ұлт-азаттық күресінің хас батыры, Кейкінің атындағы мектептің оқушыларға берер танымдық экспозициясына тəнті болып, батыр жайлы тың деректер жинап жүрген кейкітанушы Шөптібай Байділдəұлымен пікірлесіп, Дала өлкесі тарихы музейінде дөңгелек үстел басында əңгіме-дүкен жүргізілді. Бізге ерекше əсер еткен Торғай ауылында орын тепкен Ахмет Байтұрсынов музей үйінде Алаш арыстары Ахмет пен Міржақыптың тұтынған жеке заттары түпнұсқасында сақтаулы тұрғаны еді. Ахаңның «Қырық мысал» мен «Маса» жинақтары жəне Жаhаңның «Бақытсыз Жамалының» тұңғыш баспадан шыққан нұсқаларын ел ардақтыларының ұрпақтары бірі жердің астына көміп сақтап, енді бірі Мəскеуде 60 жыл жасырып келген екен. Олар күндердің бір күнінде халқымен қайта қауышып, ақталатынына сенген. Міржақыптың қан-жыны араласқан құтысын көргенде экспедиция жетекшісі Мұрат қажы ағамыз еңкілдеп жылады. Біз де көзімізге жас алдық. Елінің болашағы үшін күрескен асыл арыстарымыздың қорлықпен өткен өміріне, арманда кеткеніне, қыршыннан қиылғанына жүрек қан жылады. Осы құнды жəдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, жүгіріп жүрген қазақтың қайсар қызы Гүлбану Сəрсекееваға дəн риза болдық. Осындай ұлт жанашырлары тұрғанда қазағым мəңгі жасай бермек. Арқалықтағы Амангелді Иманов мемориалдық музейіндегі құнды жəдігерлер 1916 жылғы ұлт-азаттық күрестің нақты айғақтары. Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейін аралап шықтық. Бұл өлкеден шыққан танымал тұлғалар көп. Бізді құшақ жая қарсы алған музей директоры Əлібек Таубатыровқа, өлкетанушы Мереке Қалмырзаұлына, Ырғыз ауданының əкімі Нұрлан Қазбергеновке, аудандық мəдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру жəне спорт бөлімінің бастығы Жанат Ерікке алғыс айтамыз. Көкшетаудың қазағына далада жайылып жүрген түйелерді көру деген таңсық дүние. Жолда келе жатып көзіміз шалып, мəз-мейрам болыстық. Көкшетаудан жол талғамайтын көліктермен шыққан Абылай ханның қара жолы экспедициясының мүшелері 2500 шақырым жолды артқа тастап, Бейнеуге ат басын тіреді. Бізді осы өңірдің тумасы, саяхатшы, өлкетанушы, біздің экспедицияға 2020 жылы өз еркімен қосылып, Бетпақдаланы бірге аралап шығып, бұл экспедицияның рухани жаңғыру жолындағы мəні мен маңызына жоғары баға берген бейнеулік азамат Рəббім Бораш ағамыз ұлт ұясы Ұлытаудағы үлкен Құрылтайға қатысып жатканына байланысты өзінің қос ұлы Ардақ пен Данышпанға жəне досы Құлбекке бізді қарсы алуды тапсырған екен. Жолшыбай өзі де біздің маршрутты бақылап біліп отырды. Əкесінің тапсырмасын бұлжытпай орындаған есті ұлдары Рəббім ағаның сызып кеткен маршрут картасымен таныстырып, бізді үш күн бойы осы жердің киелі орындарына апарды. Бейнеудегі Бекет ата мешітіне бардық. Қасиетті жанның өз қолымен қазған құдығынан су іштік. Осы мешітте Бекет атаның алтыншы ұрпағы Қалымбегі Əбуұлының əулие жанның өзіне ғана тəн ерекшеліктері жайлы ғибратты əңгімесін тыңдадық. Біздің экспедицияның мүшелері Тілеген мен Раушанның некесі осы мешітте қиылып, бəріміз куə болдық. Маңғыстаудағы əулие, ақ пен қараны айыратын төреші Қараман ата мешіті сонау XI ғасырда салынған. Ауа температурасы 35 градус болып тұр еді əбден ыстықтап келген біз жерасты мешітіне кіргенде жанымыз жай тауып жүре берді. Ауасы салқын, таза, кең тыныс аласың. Денең балбырап, көзің жұмылып, ұйқы қыса бастайды. Күнделікті күйбің тірлікті ұмытып, ерекше бір жайлылық, сабырлылық пайда болады. Көне мешіттің бұл өзіндік қасиеті. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Жерасты мешітін сол кездің өзінде аэродинамикасын, гидродинамикасын сақтап отырып салыпты. Қыста қатты суық болмайды, ал жазда салқын болып тұрады. Мешіттің шырақшысы Ерлан Садық басқа мешіт моллалары сияқты ана дүниені ойла дегеннен гөрі бұл дүниенің қадіріне жету жайлы жақсы əңгіме айтты. Шопан атаның жерасты мешітіне де бардық. Бекет Мырзағылұлын қарапайым халық Бекет ата атандырған. Қазақтың əйгілі батыры, ағартушы, сəулетші. XVIII ғасырда өмір сүрген. Халық əулие тұтқан. Өзі тұрғызған Оғыланды мешітіне жерленген. Ел аузында «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деп ислам дінінің өркендеуіне теңдессіз үлес қосқан ғұламаларды ұлықтайтын сөз бар. Ғұмырын исламның дамуына арнаған қайраткер сопылық ілімді уағыздаушы жан болған. Бекет атадан мұра болып қалған 5 жерасты мешітінің бірі Маңғыстауда орналасқан. Осынау киелі орынға зиярат етіп келушілер саныартпаса кеміген емес. Оған өзіміз де куə болдық. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ағылып келіп жатыр. Бекет ата жерасты мешіті төрт бөлмеден тұрады. Өзі пайғамбар жасында дүниеден өткен жəне осы мешіттің бір бөлмесіне жерленген. Төргі бөлмеде атаның қасиетті асатаяғы сақталған. Түпкі бөлмеге тек келіншектерге кіруге рұқсат етіледі. Олар мұнда тілек тілеу үшін келеді. Бекет атаның мешітіне келген жан дертке дауа, жанға сая табады. Таңғажайып табиғаттың құшағынан орын тауып, жартасқа қашалып салынған киелі рухани ғибадатхана ғана емес, қазақ даласындағы сəулет өнерінің озық үлгісі. Бекет ата мешітіне жету үшін бірнеше шақырым жолды жүріп өтесің. Тау баурайын бойлай төселген жолмен жолшыбай аялдай отырып төмен түсесің. Бұлақ суын ішіп жəне өзіңмен бірге ыдысқа құйып ала кетесің. Күннің ыстығында бірнеше шақырым жолды жаяу жүріп жерасты мешітіне жеткеннен кейін зиярат етіп, қайтадан тас төселген баспалдақпен жоғары қарай көтерілесің. Жол оңай еңсерілмейді. Көп тер төгіледі. Бірақ сабырлылық танытсаң Алла өзіңе қуат беріп, жоғарыға шығасың. Күннің ыстығында жоғарыға шыққан жанға жергілікті жердегі мешітте ыстық шай дайын тұрады. Салқын мешіттің ішінде тыныстап, намазхан əйелдер дайындап жатқан ыстық шайды ішіп, жайланасың. Экспедициямүшелері атынан жетекшіміз Мұрат қажы Ыдырысұлы қаншама адамға дастархан жайып, дəмін бір қабақ шытпай ұсынып жатқан қыз-келіншектерге ақ батасын берді. Олар өз кезегінде қажыға шапан киізді. Ал, ол шапанды ағамыз ырымдап, қаншама мың шақырымды еңсеруде тəжірибелік танытып, жолбасшы атанған қостанайлық мəрт жігіт Амандықтың иығына жапты. Маңғыстаудың беткеұстары Бозжыра, Шарлар алқабы, Ақтаудағы қарт Каспий, Оралдағы Жайық, Құмкөшу аймағы сияқты табиғат тамашалары жайлы əлі де толық мəлімет берілетін болады.

Батыс Қазақстан-Көкшетау.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img