Көкшетаулық жас күйші Юрий Кочетыгов AQMOLA NEWS тілшісіне
бала күнінен бері домбыра аспабына ғашық екенін айтты. Боз баланың ұлттық өнермен қоса қазақ тіліне деген құрметі жоғары. Өзге ұлт өкілі бола тұра қазақтың төл өнерімен қатар, тілінде меңгеріп, қатарластарына насихаттап жүр.
Домбыраға деген құштарлық анасы Юрийді 10 жасында музыка мектебіне апарған сәттен басталған.
Көп аспаптың ішінен жүрегі домбыраны қалаған. Айтуынша, өзге аспатарға қарағанда, тембрі мен дыбысталуы өзіне ерекше көрінген.
«Мен музыка мектебіне алғаш келген кезде көптеген аспап ішінен таңдау жасау керек болды. Фортепиано, пианино, баян тағы басқалары сияқты. Бірақ, мен домбыраны таңдадым. Себебі оның дыбысы маған қатты ұнады. Қолымдағы домбыраны ата-анам сыйға тартты. Қазір 70-ке жуық күй білемін. Бүгінде Біржан сал атындағы музыкалық колледжде «домбыра пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алудамын. Болашақта басқа балаларға осы өнер түрін үйреткім келеді. Өзіме Құрманғазы мен Секен Тұрысбековтың күйлері ерекше ұнайды. Әсіресе Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын»күйі жаныма жақын»-, дейді жас домбырашы.
Юрий үйдің тұңғышы. Қарындасы Злата қазақ мектебінде білім алуда. Ол да ағасының жолын қуып домбыра мен флейтада ойнайды. Ата-аналары оларды әрдайым қолдап,шығармашылықтарының дамуына өз үлестерін қосады. Жас музыканттың жеткен жетістіктері мен марапаттары да аз емес.
Атап айтқанда, «Астана – мерей», «Анаға тағзым»халықаралық конкурстарының дипломанты және облыстық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты атанған. Домбыраға деген құрметі мен махаббаты шексіз ол «әлемдік аренада қазақ домбырасын дүниежүзіне мойындату басты арманым»-, дейді.
Камила Абдельманова
Фото : Берік Ескенов