Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке түсу мен одан шығу жолдарын жеңілдету, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша мақсатты бағытталған шаралар қабылдануда.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жүйесінде іске асырылып жатқан кадр саясаты бейімделгіш, ұтқыр және әлдеқайда бәсекеге қабілетті деңгейге көтерілді. Кадрларды іріктеу саясаты жаңартылды. Мемлекеттік қызметтің меритократия қағидатына негізделген мансаптық моделі сәтті іске асырылып, тәлімгерлік пен тағылымдама сияқты институттар өздерінің нәтижелілігін көрсетіп келеді.
Облысымыздың мемлекеттік органдарында бес мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың сапалық құрамы жылдан жылға артып келеді, 89% жоғары кәсіби білімге, соның ішінде 15,7% екі немесе одан артық жоғары білімге ие, олардың қатарында ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, жоғары білімнен кейінгі және шетелдік білімге ие тұлғалар бар.
Кадрлардың ауыспалылығын төмендету бойынша оң үрдіс жалғасуда. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет жүйесінен кеткендердің саны 0,4% аспайды. Лауазымдағы жұмыс істеудің орташа өтілі 4 жылды құрап, бұл мемлекеттік аппараттың тұрақтылығының нақты көрсеткіші болып табылады.
Елімізде жастарды мемлекеттік аппараттың жұмысына тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өзінің оң нәтижесін беруде. Қазіргі уақытта облысымыздың мемлекеттік қызметшілерінің 15,4% –29 жасқа дейінгі жастар.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті: «Біз адамдардың энергиясына, таланты мен еңбекқорлығына арқа сүйейміз. Әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Тек осылай ғана біз халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз». Жастар арасында мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен қағидаттарын насихаттау мәселелерінде әріптестікті нығайту, сондай-ақ бастамашыл, талантты жастарды анықтау және мемлекеттік қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мен Жастар-ресурстық орталығы арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды. Меморандум шеңберінде жастар үшін бірлескен іс-шаралар өткізіп, мемлекеттік қызметке түскісі келетін тұлғалар жұмыс үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.
Бүгінде мектеп оқушыларымен және студент жастармен кәсіби бағдарлау жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері жастарды мемлекеттік органдарға жұмысқа тарту мақсатында облыстың қалалары мен аудандарындағы орта мектептердің жоғары сынып оқушыларымен бірқатар кездесулер қатары өтіп, онда оқушылар мемлекеттік қызметке түсу тәртібімен танысып, үздіксіз білім алу мүмкіндігі, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері туралы ақпараттандырылды. Қазіргі уақытта Департаменттің, жоғары оқу орындарының және мемлекеттік органдардың арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандум аясында жоғары оқу орындарының 164 студенті облыстың мемлекеттік органдарында кәсіби практикадан өтуде. Практика теориялық білімді практикалық дайындықпен тиімді үйлестіруге және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу дағдылары мен қабілеттерін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Жастардың әлеуетін тиімді іске асыруға бағытталған жобалардың тағы біреуі – «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы. Онда бітіруші курс студенттері кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастырып, біліктіліктерін арттырады. Осы орайда Президенттік жастар кадр резерві жобасын да атап өтпей кетуге болмайды. Бүгінгі таңда резервке іріктелген білімі озық әрі талантты жастарымыз мемлекеттік аппараттағы түрлі лауазымдарға тағайындалып, мемлекеттік қызметті одан әрі дамытуға өз септіктерін тигізуде. Олардың бірі – жуырда Шортанды ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған резерв мүшесі – Жазитов Тимур Айдарұлы. Бүгінгі таңда ол ауылдық елді-мекендердегі халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Жалпы, осы бағытта іске асырылып жатқан барлық жобалардың мақсаты ортақ – ол мемлекеттік аппаратты қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істейтін кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету болып табылады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету шеңберінде мемлекеттік қызметке түсу және оны өткеру, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін жедел әрі сапалы қарауға ерекше назар аударылады. Облыстың мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы бойынша жұмысы соңғы жылдардың қорытындысы бойынша жоғары бағаны иеленуде.
Көптеген процестер цифрлық форматқа ауысып, сол арқылы қабылданып жатқан шешімдердің тиімділігі артты. Сонымен қатар, цифрлық құралдардың енуі мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа, операциялық бизнес-моделін құруға, дәстүрлі тәсілдерден әлдеқайда дамыған тәсілдерге ауысуға, қызмет алушыларға қолайлы болу үшін толыққанды цифрлық сервис-терге өтуге мүмкіндік берді.
Білікті кадрларды даярлау мемлекеттік басқару саласы үшін әрдайым өзекті міндет болып қала береді. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер үнемі қайта даярлаудан, біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі, құзыреті, қабілеттері, жетістіктері және өз лауазымдық міндеттерін адал орындауы есебінен мансаптық ілгерілеу мүмкіндігіне ие.
Кәсіби мереке – Мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеу аясында мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибесін тарату, мемлекеттік қызметшілерді айқындау және көтермелеу мақсатында республикалық «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» байқауы, мемлекеттік қызметшілердің тек кәсіби қызметте ғана емес, сонымен қатар отбасылық өмірдегі оң бейнесін насихаттау, мықты әрі мерейлі отбасын, салауатты өмір салтын насихаттау, отбасы институтына қоғамның назарын аудару, отбасыларды шығармашылыққа тарту мақсатында мемлекеттік қызметшілердің отбасылары арасында облыстық «Менің отбасым» фотосуреттер байқауы өткізілді.
Кәсіби мереке қарсаңында өңірдегі мемлекеттік қызметтің қалыптасу тұғырында тұрған, көптеген білікті кадрларды тәрбиелеп шығарған мемлекеттік қызмет ардагерлері ерекше құрметке ие. Олардың қатарында: М.Қ. Құлмағамбетов, В.Ф. Козинская, Ш.Б. Батырханов, Н.А. Политкин, Д.Нұрмолдин, Ғ.Төлеғұл, П.С. Трищ, Г.П. Ильяшенко, Т.Н. Тарада сияқты ардақты ардагерлеріміз бар. Олар қазіргі уақытта облысымыздың қоғамдық өміріне белсенді араласып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекетімізге адал қызмет етуге үйретуде.
Мемлекеттік қызметшілерге еліміздің егемендігін және біртұтастығын қолдау және дамыту бойынша айрықша міндеттер артылған. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің жуырда енгізілген жаңа редакциясына сәйкес әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану сияқты қасиеттер болуы тиіс.
Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Өздеріңізге және жақындарыңызға мықты денсаулық, бақ-береке, еліміздің игілігіне жасаған барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Берген БЕСПАЛИНОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы
бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.