Қазақстандықтардың 75,9%-ы Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды қолдауға дайын. AMANAT партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты «Әлеумет» жобасы аясында жүргізілген Referendum: Halyq üni зерттеуінің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұйымның мәліметінше, ел тұрғындарының 67,9% Конституциялық реформа елдің дамуына оң әсер етеді деп есептейді. Сондай-ақ әлеуметтік деректер азаматтардың көпшілігі қолданыстағы Конституцияны өзгерту бойынша референдум өткізуге оң көзқарас танытып отырғанын көрсетті. «Соңғы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі қазіргі қоғамдық-саяси үдерістердің оң бағаланатынын дәлелдеді. Азаматтардың 87,5%-ы белгілі бір дәрежеде ел өміріндегі өзгерістерді қалайды. Сұралғандардың 55,4%-ы белсенді азаматтық ұстанымға ие. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 1700-ден астам респондент қатысты»,- деді Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева. Айта кетейік, жүйелі әлеуметтануды қалыптастыру мақсатында «Әлеумет» жобасы тұрақты негізде зерттеулер жүргізеді.