Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясовтің «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаттарымен онлайн кездесіп, жиынға қатысушылармен бірге Жаңа Қазақстан құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығы жөнінде пікір алмасты.
Басқосу барысында вице-министр саяси өмірді әртараптандыруға бағытталған конституциялық реформалардың халықаралық тәжірибесі туралы әңгімеледі.
Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құрудағы ауқымды саяси реформалар жүргізу жөніндегі бастамаларының маңыздылығын атап өткен А.Ілиясов білім беру саласын жетілдіру саласында атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, вице-министр жаңа формациядағы мемлекет пен қоғамды құрудағы заман талабына сай білімдері мен дағдылары бар «Болашақ» стипендиаттарының негізгі рөлін ерекше атап өтті.
«Еліміздің табысты болашағын қалыптастыруға, оған белсенді қатысуға әрбір жастың мүмкіндігі бар. Ұсынылған реформалардың маңыздылығын ескере отырып, ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір жастың референдумға қатысып, Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға өз үлесін қосады деп санаймын», деді А.Ілиясов.
Кездесу барысында «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары шетелдік мемлекеттердің саяси реформалары мен стратегиялық даму бағдарламаларының үздік тәжірибесін, жетістікке жету мен өзектілікті қамтамасыз ету үшін жергілікті жағдайларға бейімделуін талқыға салып, осыған қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.
АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің үздік университеттерінен 30-дан астам «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты қатысқан басқосу барысында Жаңа Қазақстан – жалпы ел болашағының бейнесі, қоғамдық құндылықтарды жаңарту, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру төңірегінде де ой-пікірлер айтылды.
Кездесу соңында жастар Мемлекет басшысының Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсынысын бірауыздан қолдайтындықтарын айтып, республикалық референдумға белсенді қатысатынын мәлімдеді.
https://egemen.kz/article/313333-elimizdinh-tabysy-%E2%80%93-arbir-dgastynh-enshisinde