ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында батыс өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарлары қаралды, деп хабарлайды Aqmola News.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылы қабылданған Маңғыстау және Атырау облыстарының кешенді жоспарлары өзектендірілді, сондай-ақ Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына арналған жоспарлар әзірленді.
«Жоспарлар экономиканың жекелеген салаларын дамытуға ғана емес, сондай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты маңызды мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.
Ақтөбе облысын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге 92 іс-шараны іске асыруды қамтиды. Өнеркәсіп көлемін 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайтып, қосымша 39 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.
2025 жылға қарай Батыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 2,6 трлн теңгеге 116 іс-шараны жүзеге асыру жоспарда бар. Өңірде 2 мың шақырымнан астам электр желілері жаңғыртылады, бұл олардың тозуын 80%-дан 50%-ға дейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. 38 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрып, 2,1 трлн теңгеге жуық жеке инвестициялар тарту жоспарланып отыр.
Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған өзектілендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңгеге 182 іс-шараны жүзеге асыруды қамтиды. 228,1 км электр беру желілерін салу және реконструкциялау арқылы электр желілерінде жиі орын алатын аварияларды болдырмау үшін шаралар қабылданады. 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрып, 8,3 трлн теңгеге жуық жеке инвестициялар тарту жоспарда бар. Маңғыстау облысында жалпы сомасы 2,1 трлн теңгеге 226 іс-шараны іске асыру көзделген. Су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғыларды салу және оларды кеңейту, 55 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражатты – квазимемлекеттік сектор мен жеке инвесторлардың қаражатын тартуға басымдық беріліп отыр. «Ең бастысы, өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінулері тиіс, болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы қажет. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн», — деді Ә. Смайылов.