Жаңа оқу жылы басталғаннан бері Ақмола облысында оқушылар арасында КВИ жұқтырудың 1788 жағдайы тіркелді. Оның ішінде оффлайн режимде-1223 (69 пайыз), онлайн-565 (31 пайыз) жағдай, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2021-2022 оқу жылының бірінші тоқсанында оқушылар арасында КВИ жұқтырудың 1149 жағдайы тіркелді. Оның ішінде оффлайн режимде-811(71 пайыз), онлайн-338(29 пайыз) жағдай. Ал екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 427-ге жетті. Оның ішінде оффлайн режимде-314 (74 пайыз), онлайн-113 (26 пайыз) жағдай. Яғни, алдыңғы тоқсаннан біршама аздау.
Үшінші тоқсаның алғашқы 4 күнде оқушылар арасында КВИ жұқтырудың 145 жағдайы тіркелді. Оның ішінде оффлайн режимде-29(20 пайыз), онлайн-116 (80 пайыз) жағдай. Аудандарға бөлетін болсақ, Бурабай-11, Аршалы-9, Атбасар-2, Астрахан-4, Біржан сал-1, Бұланды-1, Шортанды-12, Жақсы-4, Есіл-1, Целиноград-4, Ерейментау-3, Егіндікөл-2, Сандықтау-3 аудандарында, Көкшетау-9, Степногор-6 қалаларында, жалпы 72 жағдай тіркелді», – деді ведомстводан.
Оқу жылының басынан бері жалпы білім беретін мектептердің қызметкерлері арасында КВИ жұқтырудың 568 жағдайы тіркелген.
«Бір тәулік ішінде мектеп қызметкерлері арасында КВИ жұқтырудың 64 жағдайы тіркелді. Қаңтар айында мектеп жасына дейінгі балалар арасында зертханалық расталған 52 жағдай анықталды. Сондай-ақ орта арнаулы оқу орындарда 249 жағдай, университет студенттері арасында 42 жағдай, медицина ұйымдарының қызметкерлері арасында 234 жағдай тіркелді», – деп толықтырды департамент.