Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі «Арамыздағы батырлар» жобасын жүзеге асыруда. Жоба бүгінгінің батырларын дәріптеуге, олардың ерліктерін көпшілікке үлгі ету мақсатында қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Ерлан Мұхамедьяров атап өткендей, жоба аясында қызметтік міндеттерін орындау барысында ерлік танытқан құтқарушылар мен полиция қызметкерлері, коронавирус инфекциясына қарсы күреске жұмылдырылған медицина мамандарымен бейнесұхбаттар жүргізіліп, олар жайлы бейнероликтер әлеуметтік желілерде таратылып отыратын болады.
«Арамыздағы батырлар» жобасы қазақ халқының «батырлық институтын» насихаттауға арналған. Тарихтағы батыр бабаларымыздың ерлік жолы желісін үзбегенін дәлелдеп келе жатқан ержүрек замандастарымыз қазіргі күнде де біздің арамызда бар» – дейді Ерлан Мұхамедьяров.
Жобаның қанатқақты туындысы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының курсанттарына арналып отыр. Академия курсанттары төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлерімен бірлесіп, өңірде қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосты.
Көше күзетіне аталмыш білім ордасының 4 курс курсанттары, жалпы саны 148 адам тартылды.
Айта кетсек, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасына қарасты «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі жоба жұмысын жыл бойы жалғастырып отырмақ. Отанға қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтардың мәрттігін үлгі етуді көздейтін жоба алдағы уақытта қоғам өмірінің әр саласын қамтитын болады.