Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Сандықтау ауданының орталығы – Балкашино ауылында 45 отбасы пәтер кілттеріне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Жаңа 45 пәтерлі үй «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық құрылыс бағдарламасы бойынша салынды. Баспаналы болғандардың қатарында жетім балалар, көп балалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, еңбек ардагерлері бар.
Аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков пәтер кілттерін және жаңа қоныстанушыларға естелік сыйлықтарды табыс етті. Жаңа үй тұрғындарын шын жүректен құттықтай отырып, аудан басшысы өзінің жайлы тұрғын үйінің болуы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырудың басты көрсеткіші болып табылатынын атап өтті.
«Тұрғын үй – халық үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан біздің мемлекетіміздің саясатының негізгі бағыттарының бірі әрбір қазақстандық отбасын жеке баспанамен қамтамасыз ету болып табылады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында біз осы міндеттерді белсенді түрде жүзеге асырып жатқандығымыз қуантады»,-деп атап өтті аудан әкімі.
Биыл Сандықтау ауданында жоспар бойынша 5 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Айта кетейік, Тәуелсіздік жылдары Ақмола облысында 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, 62 мыңнан астам ақмолалық пәтер мәселесін шешті.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/akmola-oblysynda-45-otbasy-baspanaly-boldy_a3879790
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/akmola-oblysynda-45-otbasy-baspanaly-boldy_a3879790