Сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасына түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сенат отырысы барысында заң Қазақстандағы уәкілдің мүмкіндіктерін кеңейтетіні, оның мақсаттарын, міндеттерін, қағидаттарын және қызметке сайлану қағидаларын айқындайтыны айтылды. Бұдан бөлек, омбудсменнің өкілдіктері енді еліміздің әрбір өңірінде ашылуы тиіс.
Жаңа түзетулерге сәйкес, ерекше қажет болған жағдайларда уәкіл Президентке, Парламент палаталарына және үкіметке тікелей жүгіне алады.
Енгізілген түзетулер туралы Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков айтып берді.
«Заң жобасын жұмыс топтарында талқылау барысында келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізу қажетілігі туындады.
Біріншіден, заң жобасында адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілген қол сұғылмаушылық кепілдігін бекіту кезінде біркелкі көзқарасты қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер енгізу ұсынылады, өйткені оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу кезінде уәкілге берілетін артықшылық негізгі заң жобасында бекітілмеген, негізгі заң жобасын «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес келтіру ұсынылады», – деді сенатор.
Оның айтуынша, ұлттық алдын алу тетігінің қызметін реттейтін қолданыстағы кодификацияланған және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес жыл сайынғы шоғырландырылған баяндаманы адам құқықтары жөніндегі уәкіл емес, үйлестіру кеңесі дайындайды.
Заң жобасының негізгі нормаларын қолдай отырып, Сенат оны Мәжіліске қайтарды. Сонымен қатар, уәкілдің қызметіне қатысты үш заң жобасын сенаторлар екі оқылымда қабылдады.
Бұған дейін адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтарын кеңейту жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.