Оның айтуынша, қазір жұмыс істеп тұрған орталық пен электронды декларациялау орталығы бас диспетчерлік басқармаға біріктіріледі.
«Онда инспекциялық-тексеру кешендерінің рентген суреттерін бірден талдай алатын жасанды интеллект қолданыла отырып, кедендік операцияларға біріктірілген мониторинг жүзеге асырылады», – деді Қаржы министрлігінің басшысы Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Жамаубаев көптеген кеден бекетінің ескіргенін және қазіргі заманауи стандарттарға сәйкес келмейтінін айтты.
«Осыған байланысты тоғыз автомобиль және бір теміржол өткізу пунктін жаңғырту, техникалық жарақтандыру және мемлекеттік кірістер комитетінің бас диспетчерлік басқармасын құру басталды. Қазір заманауи екі өткізу пункті бар. Қытаймен шекарадағы «Нұр жолы» – бірінші өткізу пункті. «Б.Қонысбаев» екінші өткізу пункті Өзбекстанмен шекарада орналасқан.
Өткізу пункттерін кесіп өту кезінде электронды кезек жүйесін енгізу арқылы бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Тасымалдаушылар шекарадан өту уақытын алдын ала белгілеп, уәделі уақытта келеді. Бұл жүк ағынын арттыруға және тар жолдың әсерін жоюға мүмкіндік береді», – деді Ерұлан Жамаубаев.