Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі кісі өліміне алып келген жол апаты 17 желтоқсанда, сағат 18:45-те, Темір қаласына жақын маңда, Покровка – Жаңажол тас жолында болғанын хабарлады.
«Мұнай компаниясына тиесілі ПАЗ маркалы автокөліктің (салонда 12 адам болған) елу тоғыз жастағы жүргізушісі Покровка – Жаңажол автожолының 13-километрінде қозғалысқа қауіп пен кедергі келтіретін жағдай туындаған сәтте жылдамдықты бәсеңдетпей, жол жиегінде тұрған жартылай тіркемесі бар КамАЗ автокөлігіне соғылды», – деп жазылған полиция ұсынған ақпаратта.
Жол апатынан екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы үш жолаушы түрлі жарақатпен Қандыағаш орталық ауруханасына жатқызылды. Оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.