Президент мүлдем жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс екенін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру міндетін абыроймен атқарғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тоқаев мүлдем жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс екенін атап өтті.
«Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай дара тұлға тарих төріне шықты. Анығын айтқанда, Тәуелсіздік шежіресі Елбасының қолымен жазылды. 1991 жылы 1 желтоқсанда халқымыз оған бірауыздан дауыс беріп, сенім мандатын тапсырды. Ал 16 желтоқсанда президент Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңға қол қойды. Ақиқатын айтсақ, бұл халқымыздың тарихындағы ең қуанышты әрі бақытты сәт болды. Сол сәттен Қазақ елінің жаңа дәуірі басталды», – деді президент тәуелсіздіктің отыз жылдығына арналған салтанатты жиында.
Ол 17 желтоқсанда Назарбаев Алматыдағы алаңға келіп, елдің ортасына шыққанын еске салды. Тұңғыш президент «Халқымыздың билігі толық өз қолына тиді. Азат күн туды» деп халықтан сүйінші сұрады. Оның тебіреніске толы сол сөзі жұрттың жадында жатталып қалды, деп жалғастырды мемлекет басшысы.
«Бәлкім, бүгін бәрі оңай көрінер. Тіпті, кейбір адамдар Тәуелсіздіктің құндылығын жете түсінбеуі мүмкін. Ал аға буын оның қандай қиындықпен келгенін жақсы біледі. Тарихи күндердің әрбір минутын тек Елбасы ғана жан жүрегімен сезініп, басынан өткерген деп айтсақ артық емес», – деді Тоқаев.
Президенттің алдында жаңа мемлекет құру міндеті тұрды. Бірақ сонымен қоса өзіне сенім артқан халқын қиындықтан алып шығуы керек болды. Елдегі сан түрлі мәселені шешудің басты жауапкершілігі мемлекет басшысына жүктелді. Соның бәрін Тұңғыш президентіміз абыроймен еңсере білді, деп толықтырды ол.
«Түптеп келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың ұлы перзенті екенін өз еңбегі арқылы толық дәлелдеді. Жұртымыз оның дара басшылығымен кедергінің бәрінен сүрінбей өтті. Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан мәңгі орын алады. Тұңғыш Президентіміз жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер. Осындай бірегей қасиеттің бәрі бойына тоғысқан біртуар тұлғасы бар қазақ – бақытты халық», – деп түйіндеді Тоқаев.