Бұл Мемлекет басшысының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және қала экономикасын арттыру бойынша берілген тапсырмасының негізінде жасалып отыр.
Аталған картон қағаздарының өндірісін қала әкімі Мұрат Әйтенов пен зауыт құрылтайшысы Бейбіт Қалқаман салтанатты жағдайда іске қосты.
Жоба құны 1,5 миллиард теңге болатын өндіріс ошағында жаңадан 50 жұмыс орны құрылды. Мұнда жылына 3 миллион дана қорап, 10 мың крафт қағаздарын шығаруға мүмкіндік бар. Дайын өнім толығымен ішкі нарықта сатылатын болады. Қазіргі уақытта 300 мың тонна шикізат сатып алынған.
Еңбек азаматтарын ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдық мерекесімен құттықтаған қала әкімі бүгінгі Қазақстанның қалыптасқан мемлекетке айналуы, әлемдік деңгейде танылып, мойындалуы және қуатты экономика құрып, гүлденуі – халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Оңтүстік» АЭА аумағы жеңіл өнеркәсіп, химия және мұнай химиясы өнімдерін шығаратын озық өндірушілердің қолайлы мекеніне айналып отыр. Бүгінгі таңда, жалпы құны 53,95 млрд теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып, 2477 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.
Дайын өнім әлемнің 15 еліне экспортталып, тұтынушы үшін жоғары сапа және қолайлы баға ара қатынасымен ерекшеленіп, шетелде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Аймақта орналасқан кәсіпорындар жыл басынан бері 21 млрд теңгенінің өнімін өндірсе, өнімнің жартысынан астамы жақын және алыс шетелдерге экспортталған. Бұдан бөлек, салық және әлеуметтік аударымдар 1,3 млрд теңгені құрады.