Елорданың 4300-ден аса тұрғыны ревакцинациядан өтті. Бірақ иммунитетке кері әсер етуі мүмкін деген оймен вакцинаның үшінші дозасын алмай жүрген қала тұрғындары да бар. Бұл мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов пікір білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство басшысы кез келген вакцина иммунитетті өлтіруге емес, сақтауға арналғанын алға тартады.
«Адамның иммунитеті қалай қалыптасады. Адам дүниеге келгеннен бастап әртүрлі жұқпалы қоздырғыштармен байланыста болады. Бұл жағдайда біздің ағзамыз белгілі бір инфекциялық жүктемені алады, яғни адам қанына бактерия немесе вирус түседі. Ол вируспен күресу үшін денемізде оларға қарсы антиденелер шығаратын арнайы иммундық жасушалар бар. Олар бактериялар мен вирустар қайта енген кезде оларды «ұстауға» мүмкіндік береді және олардың әрі қарай дамуын болдырмайды», – деп түсіндірді Тимур Мұратов.
Оның айтуынша, вакцина алған адамда иммунитет тек күшейеді, әлсіремейді.
«Вакцинация – бұл аурудың имитациясы. Вакцина алған кезде адамның иммунитеті «оянады» немесе ауруға қарсы іске қосылады. Вакцинаны «иммунитет» деген жалпы ұғыммен шатастыруға болмайды. Жалпы, иммундық мәртебе мүлдем басқа. Ревакцинация кезінде вирустың тек бір түріне ғана тән иммунитет қалыптасады», – деді қалалық денсаулық сақтау басшысы.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ревакцинациядан кейін ағзада қайтадан антиденелер түзіліп, иммунокомпетентті жасушалар тонусы келетінін айтты.
«Осылайша, ағза бұл инфекцияны өткізбеуге дайын болады. Иммунитет күшейіп, белсенді бола бастайды», – деп қосты Тимур Мұратов.