1 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағында «Ақбөкен» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. 10 күн ішінде 124 табиғат қорғау заңнамасын бұзу дерегі анықталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел алдын алу іс-шарасының негізгі мақсаты – табиғат қорғау заңнамасын бұзу және биологиялық ресурстар нысаны мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау, экологиялық қылмыстық деректерді ашу. Киіктерді браконьерлік жолмен аулап, басқа да жануар түрлерін өткізу, сатумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесу.
Портал мәліметінше, полиция және Экология министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен табиғатты қорғау органдарының қызметкерлерінен 203 жедел топ құрылған. Операция барысында аңшылық шаруашылықтары, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің аумақтары, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тексерілген.
«Операцияның 10 күнінде 124 экологиялық заң бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде 109-ы заңсыз аң аулау, 21-і мүйіздерді заңсыз сатып алу немесе өткізу, киіктердің өнімдерін тасымалдау, жетеуі аңшылық қаруды алып жүру және тасымалдау ережелерін бұзу. 112 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.