ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айына қанша табыс табатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Жасыратын ештеңесі жоқ. Мен әрқашан жалақымның қанша екенін айтамын. Қызметке келген кезде де айтқан болатынмын. Қазіргі таңда айлығым – 1 миллион 200 мың теңге”, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қанша жалақы алатынын айтудан бас тартқан.
Кейіннен Нұрлан Ноғаевтың айына 1 миллион 977 мың 890 теңге алатыны белгілі болды. Ал Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің жалақысы 1 954 000 теңгені құрайды.
Сондай-ақ Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев жалақысының 1 млн 900 мың теңге екенін айтқан.
Кейін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 1,8 млн теңге алатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзінің 900 мың теңге жалақы алатынын мәлімдеді.