2021 жыл Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толғалы отыр. Бұл – басты ұлттық мерекеміз. Тәуелсіздік әлемдегі кез келген мемлекет секілді Қазақстанға да егемендіктің сенімді әрі берік негізін қалыптастырып берді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – Қазақстан мемлекеттілігінің берік тірегі» екенін, ал «мерейтой саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтетінін» атап өтті.
Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары жыл бойы қазақстандықтардың назарын ел тарихының атаулы кезеңіне аударғаны белгілі. Бұл – өте дұрыс қадам. Өйткені жекелеген тұлғалардың еңбегі мен қызметіне қарап, жас мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының тұтас көрінісін қалыптастыруға болады.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Сол қиын-қыстау кезеңде Қазақстан халқы үшін тағдыршешті құжатты әзірлеу ең алғашқы маңызды әрі негізгі жетістік болды. Бұл қадам жаңа демократиялық мемлекет пен қоғамның іргетасын қалады. Осылайша, дүниежүзінің саяси картасында Қазақстан атты мемлекет пайда болып, жеке шекарасы белгіленіп, негізгі құжаттары қабылданды.
Қазір біз жан-жақты дамып, көркейіп келе жатқан елде өмір сүреміз. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, 2006 жылы Қазақстан табысы орташа деңгейден жоғары елдер қатарына, ал 2012 жылы әлемнің бәсекеге қабілетті елу экономикасының қатарына кірді, 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымының тең құқылы мүшесі атанды.
Елдегі көптеген оң өзгеріске тікелей қатысқан маман ретінде Тәуелсіздіктің отыз жылы – экономикалық прогресс пен орнықты даму кезеңі екенін толық сеніммен айта аламын. Экономиканы, цифрландыру процесін, әлеуметтік саланы және білім беруді қоса алғанда, көптеген көрсеткіш бойынша Қазақстан бұрынғы КСРО-ның өзге республикаларынан асып түсті, дербес, саяси және экономикалық тәуелсіз мемлекетке айналды.
Ұлттық тарихымыздың жаңа беттері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тығыз байланысты. Ол мемлекетті басқарудың маңызды принциптерін орнықтырды, кейінірек олар «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген өміршең де тарихи қағидатқа ұласты. Яғни еліміз бастапқыда экономикалық дамуға арқа сүйеді, осы тұрақты негізде демократиялық институттар құруды көздеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселе болды. Елде гиперинфляция белең алды, дүкендердің сөрелері бос тұрды. Мен мұны жақсы білемін, өйткені қызметімнің негізгі бөлігі осы кезеңмен тұспа-тұс келген-ді. Мен Тұңғыш Президенттің қандай қиындықтарға тап болғанын және олардың бүкіл кең-байтақ еліміздің ауқымында қалай шешілгенімен жақсы таныспын.
Тәуелсіздік жылдарында саяси тұрақтылықты сақтап қалу – Қазақстан үшін ең үлкен жетістіктердің бірі болды. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Тежемелер мен теңестірулер жүйесінің көмегімен биліктің сот, заң шығарушы және атқарушы тармақтары теңдестіріліп, халықтың қалауын орындаушы, ұлттық мүддені қорғаушы және заңдарды жүзеге асырушы тараптарға айналды.
Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелдік инвестициялардың ағыны еліміздегі өнімділікті арттырды, халық жұмыспен қамтыла бастады, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік азая түсті. Осылайша, «Қазақстандық даму моделі» деген ұғым кеңінен тарады.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзінің ұлттық бірлігінің бірегей үлгісін жасады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын ұсынды. Республикада ұлты мен діни сеніміне қарамастан, елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер жасалды. Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігі бүкіл әлемде мойындалып, ол Қазақстанның халықаралық брендіне айналды және азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын болып қалыптасты.
Тәуелсіз мемлекеттің бас қаласы – қазіргі Нұр-Сұлтан – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше жобасы, тәуелсіз Қазақстанның табысты символы және елдің эталоны. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен елордамыз «Әлем қаласы» атағына ие болды. 2000 жылдан бастап ол Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі атанды.
Елімізде өткен ең маңызды әрі ауқымды іс-шаралардың бірі – 2017 жылғы EXPO халықаралық мамандандырылған көрмесі болды. Қазақстан ТМД елдерінің арасында осы беделді іс-шараны өткізген алғашқы ел болды. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Оны төрт миллионға жуық адам тамашалады. Көрме «жасыл энергия» тақырыбына арналды.
«Жасыл» энергетикаға көшу, «жасыл» технологияларды енгізу – жаһандық экономиканың өсіп келе жатқан жаңа бағыты. «Жасыл» экономика мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін маңызды. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай «жасыл» экономика саласындағы өзгерістер ІЖӨ-ні қосымша 3 пайызға өсіруге, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға, сондай-ақ өнеркәсіп пен қызметтердің жаңа салаларын қалыптастырып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының белсенді сыртқы саяси қызметі мен халықаралық бастамаларының арқасында Қазақстан Еуразиялық Экономикалық Одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және Түркі Кеңесі сияқты ұйымдардың құрылуында негізгі рөл атқарды. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ Саммитін өткізді.
Мен еліміздің қалыптасуы мен дамуында ерекше мәнге ие бірқатар іс-шараны ғана атап өттім. Бұл оқиғалар қазақстандықтардың барлығына мәлім. Десе де, мен үшін олар – ерекше есте қаларлық, жақын әрі қымбат сәттер.
Әйелдердің рөлі туралы айтпасам болмас. Прогреске ұмтылған кез келген қоғамда әйелдердің орны төмендетілсе, ол қоғам ешқашан үйлесімді дами алмайды. Әйелдердің жағдайы, лакмус қағазы секілді, қоғам мүшелерінің гуманизм, теңдік және мейірім қағидаттарына деген адалдығын дәл көрсетеді.
Халықаралық аренада әйелдердің тең құқығына қол жеткізудегі басты қадам 1979 жылғы 18 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенцияны қабылдаған кезде жасалды. Қазақстан оған 1998 жылы, ал факультативтік хаттамаға 2001 жылы қосылды. Бұл екі құжат та ешбір кедергісіз ратификацияланды. Өйткені біздің ұлттық заңнамамыз халықаралық құқық нормаларына толығымен сәйкес келеді.
Сарапшылардың айтуынша, әйелдер өтпелі кезеңнің сынақтарын өз мойнына алды және ең бастысы – оларды сәтті еңсерді. Осылайша олар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен көркеюіне елеулі үлес қосты. Еліміз егемендікке қол жеткізген тұста нәзік жанды аруларымыз от басы, ошақ қасында қалып қоймай, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.
Бүгінгі таңда Қазақстан әйелдері әлеуметтік жобаларды әзірлеп, іске асыруда, заңнамалық актілерді талқылап, қабылдауда, кәсіпкерлік қызметте белсенділік танытып келеді. Әйелдердің мұндай ұстанымын мемлекет те қолдап, ынталандырып отырады.
Бұл ойыма мен биыл маусым айында гендерлік теңдік пен Орталық Азияның бес елінде әйелдердің мүмкіндігін кеңейту саласындағы озық тәжірибе бойынша өткен виртуалды кездесуде Қазақстан атынан сөз сөйлеуге шақырылғанымда тағы да көз жеткіздім. Бұл елдердің өкілдері 1995 жылы Бейжіңдегі Әйелдер жағдайы жөніндегі IV Дүниежүзілік конференцияға қатысқанын айта кету керек. Пандемияға қарамастан, әлемдік қоғамдастық онлайн кездесулер өткізіп, мемлекеттер қабылдаған міндеттемелердің нәтижелерін талқылап тұруға тырысып отыр.
Көтерілген тақырыптардың ішінде «Өткенге қарасаңыз, осындай көрнекті әрі тарихи саяси міндеттемелерге қол жеткізудің алғышарттары қандай болды? Сіз конференцияға қатысушы ретінде, Бейжіңнен оралғаннан кейін өз еліңізде нені өзгерткіңіз келеді? Сіздің ойыңызша, әлі де жүзеге аспаған нендей шаралар бар?» деген сауалдар назар аудартты. Барлығы енді ғана басталып, жанданып жатқан шақты еске алып, сол атмосфераны қайта сезінудің өзі ерекше болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әйелдердің әлеуметтік жағдайына, көңіл күйіне әрдайым назар аударатын. Ол мемлекетіміз қалыптасып жатқан алғашқы күрделі жылдарда әйелдердің қоғамдық мәртебесін арттыруға көңіл бөле отырып, арнайы орган – Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Отбасы, әйелдер істері және демографиялық саясат жөнiндегi кеңесті құрды.
Сол кезде Бейжіңдегі әйелдердің Дүниежүзілік форумы әлемдік қоғамдастыққа әйелдердің мәселесін шешетін институттық ұйым құруды енді ғана ұсынған еді. Ал бізде мұндай механизм ол кездің өзінде қолданыста болды.
Кейінірек кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия болып өзгертілді. Мен сол ұйымның төрағасы ретінде 10 жыл қызмет еттім. Еліміздегі гендерлік мәселелерді зерттеуге және көптеген жылдар бойы осы салада қызмет етуге ерекше мүмкіндік алғаныма қуаныштымын.
Сол кезді еске түсірсем, Бейжіңнен әйелдер үшін ашылған жаңа мүмкіндіктерге қанаттанып оралғанымыз ойыма оралады. Сол жиында естіген, көрген дүниелердің барлығын алдағы қызметімізде пайдаландық.
Бірден Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспары әзірленді, оның ішінде Бейжің іс-қимыл платформасының бағыттары бойынша да ірі бағдарламалар қамтылды. Ол Үкімет қаулысымен бекітілді, өйткені бізге елде әйелдер мен балалардың мәселелерін шешуге назар аудару үшін мемлекеттік деңгейде қабылданған құжаттар қажет екенін түсіндік.
Одан кейін жыл сайын жарық көретін «Қазақстан әйелдері мен ерлері» жинағын шығара бастадық, бұл елдегі гендерлік жағдайды бақылауға мүмкіндік берді. Бастапқыда ол халықаралық ұйымның қолдауымен шығып тұрса, қазір бюджет қаражаты есебінен жарияланады. Бұл – мемлекет тарапынан әйелдерге деген қамқорлық пен қолдаудың тағы бір дәлелі.
Гендерлік көрсеткіштер мемлекеттік бюджетті қалыптастыруда, мемлекеттік жоспарлар мен бағдарламаларды әзірлеу кезінде де пайдаланылатынын айта кеткен жөн.
Бүгінгі таңда қазақстандық әйелдердің қаншалықты кәсіби тұрғыда өсіп, дамып кеткенін көруге болады. Олар экономикада, қаржы саласында белсенді қызмет атқарады, оның үстіне жұмысын отбасымен және аналық қамқорлығымен қатар алып жүреді. Соңғы жылдары қоғамда табысты іскер әйелдердің бейнесі нығая түскені анық.
Парламент Мәжілісінде де әйелдердің көрсеткішінде жақсы өзгерістер бар: егер 2016 жылы Мәжілістегі әйелдер үлесі 10 пайыз болса, 2021 жылы 29 пайызға жеткен. Парламент тәжірибесінде алғаш рет әйелдер мен жастарға арналған партиялық тізімдерде 30 пайыздық квота енгізілді.
Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстанның Бейжің іс-қимыл платформасының ережелерін іске асыруда қол жеткізген елеулі жетістіктерін де атап өтуге болады. Бұл жалпы еліміз жеткен жетістіктерімен қатар мүмкін болды.
Бейжің платформасынан бөлек, Қазақстан басқа да халықаралық шарттар бойынша міндеттемелер алып, көптеген заңдар қабылдады. Жетістіктердің ішінде гендерлік бағыттағы екі маңызды заңды атап өтуге болады: «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар. Кезінде осы құжаттардың әзірленуіне және қабылдануына мен бастамашылық жасаған едім.
Дегенмен, әлі де шешімін таппаған мәселелер бар, алдағы уақытта олар бойынша жұмыс істеу керек.
Айталық, қазір жұмыссыздар арасында әдеттегідей әйелдердің үлесі көп. Әйелдер мен ерлердің жалақысының арақатынасы туралы да сұрақтар бар. Бұл мәселелердің бір ұшы барлық деңгейдегі бюджеттердің гендерлік мәселе тұрғысынан қарастырылмағанына келіп тірелуі мүмкін. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық та күн тәртібінде тұр. Қабылданған шараларға қарамастан, мәселе әлі де өзекті болып отыр.
Халықтың денсаулығы, оның ішінде репродуктивті және жыныстық мәселелер өзекті. Некеге тұрғандардың шамамен 16 пайызы бедеуліктен зардап шегеді. Әйелдер үй шаруашылығымен айналысып, ерлерге қарағанда әлдеқайда көп күш жұмсайды. Сондықтан отбасында теңдікті қамтамасыз ету қажеттілігі барған сайын маңызды болып отыр. Отбасындағы гендерлік қатынастың тең әрі үйлесімді болуы – жалпы қоғамның үйлесімділігіне әсер етеді, оның дамуы мен өркендеуіне ықпал етеді.
Қазіргі уақытта бұл мәселелердің барлығы «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» аясында шешілу үстінде.
Қазақстан мен оның азаматтарының жеткен жетістіктері – мемлекеттік тұтастықты дамытудағы стратегиялық жолды таңдаудың дұрыстығы мен еліміздің зор әлеуетінің көрінісі.
2020 жылы Қазақстан басқа елдермен қатар коронавирус пандемиясына тап болғаны белгілі. Мемлекет індеттің таралуын тежеп, азаматтарды қолдау үшін қажетті шараларды қабылдады. Мемлекеттік органдар мен қарапайым қазақстандықтардың бірлескен күш-жігерінің арқасында пандемия елге тым қатты соққы болып тиген жоқ.
Қазір еліміз әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуге сенімді қадам басып келеді. Елбасы бұл мақсатты «Қазақстан – 2050» Стратегиясында нақты белгілеген еді.
Алдағы жылдарға қойылған жоспарлар да ауқымды. Халықты әлеуметтік қолдау саласы елдің Әлеуметтік кодексімен реттелетін болады. Мемлекеттің әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар жөніндегі барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалады. Дәрігерлердің жалақысы 2,5 есе, педагогтердің жалақысы 2 есе өседі. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы өседі. Орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізу көзделіп отыр. Сыртқы экономикалық саясатта қазақстандық экспортты ілгерілету мәселесі маңызды басымдыққа ие болмақ.
Уақыт өте келе қоғам алдында жаңа міндеттер пайда болады. Дегенмен, алға бастайтын бағыт-бағдар айқын. Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктер мен осы уақытта жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, болашаққа нық қадам басамыз. Әрбір қазақстандық ертеңгі күніне сенімді. Біздің тәуелсіздігіміз болашаққа бағдар алады. Еліміздің тұрақты дамуы халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға үлкен үміт сыйлайды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қызметінде дәл осы мақсатты көздеді, әлі де осы бағыттан тайған жоқ. Ол дана да әділ басшы ретінде, халыққа ашық, жүрегі кең адам ретінде танылды.
Газет бетінен отандастарымды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, мемлекетіміздің өркендеуін, жақындарыңызға амандық, жарқын болашақ тілеймін.