spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы – Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаровты қабылдады

Сондай-ақ...оқыңыз

 

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты стратегиялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты дамыту жөніндегі нақты шараларға баса мән берілді, деп хабарлайды akorda.kz.Қасым-Жомарт Тоқаев Ақылбек Жапаровқа ілтипат білдіре отырып, оның бұл сапарының достық, тату көршілік және одақтастық рухындағы қазақ-қырғыз қатынастарын талқылау тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

– Біз  – бауырлас елміз. Мемлекеттеріміз – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Екіжақты негізде әрдайым өзара тығыз ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымызды дамытып  келеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өзара сауда-саттықтың оң қарқынын атап өтті. Екі ел арасындағы сауда айналымы биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 9 пайызға артып, 680 миллион долларға жеткен. Сонымен қатар ынтымақтастықтың барлық әлеуетін пайдалана отырып, осы бағыттағы жұмыс қарқынын үдете түсудің маңызды екенін айтты.

Ақылбек Жапаров өз кезегінде кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қырғызстан Президентінің жүрекжарды сәлемін жеткізді. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

– Осы жылдар ішінде Қазақстан өзін қарқынды дамып келе жатқан ел, саяси және экономикалық тұрғыдан мықты, халықаралық аренадағы ұстанымы берік әрі беделді мемлекет ретінде танытты. Біз Қырғызстанда Сіздің еліңіздің жетістіктеріне әрдайым қуанамыз және бауырлас Қазақстанның қолдауын әрқашан сезінеміз, – деді Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы.

Ақылбек Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа екі ел үкіметтерінің арасында жүргізілген келіссөздердің табысты болғанын айтып, оның қорытындылары Қазақстан Президентінің Қырғызстанға жоспарлап отырған келесі жылғы сапарының сапалы әрі мазмұнды болуына септігін тигізетініне сенім білдірді.

Әңгімелесу соңында Қазақстан Президенті Қырғызстанға көмек көрсетуге, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға дайын екенін нақтылап, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа сәлемін жолдады.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img