Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Әсіресе, мұны алыстағы ағайын жақсы түсінеді. Ыстамбұлда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерекелік кеш өтіп, ерлер арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ыстамбұлдағы қандастар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын дүркіретіп тойлады. Мерекелік шарада қазақ диаспора өкілдері мен елде білім алып жатқан қазақ өнерпаздары әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй тартты. Видео
https://youtu.be/P0sAOuaWr5o
Кеш барысында Қазақстан жайлы шағын фильм көрсетіліп, қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Меймандар қымыз ішіп, бауырсақтан дәм татты.
Эркан Гөкай, Қазақкент Алтай қауымдастығының төрағасы: – Қазақстаннан қашықта болсақ та, Түркияның ең ірі қаласы Ыстамбұлдағы Гүнешли ауданында Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлап отырмыз. Біз өз елімізден алыста жүргендіктен біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі Қазақстанда жүрген қазақтарға қарағанда өте маңызды. Одан да үлкен маңызды.
Бұдан бөлек, ерлер арасында футболдан жарыс өтіп, әуесқой спортшылар сынға түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Әлім Байел, ҚР Ыстамбұлдағы бас консулы: – Біз қазақ диаспорасымен тұрақты түрде әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырып тұрамыз. Кездесулер, басқосулар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, ірілі- кішілі концерттер тағысы- тағылар. Осы арқылы, бір жағынан қандастарымыздың елге деген махаббатын жандандырып, екінші жағынан елде болып жатқан жаңалықтар туралы оларды хабардар етіп отырамыз.
Тәуелсіздік мейрамына арналған шаралар мұнымен шектелмейді. Алдағы күндері Анкарада қабылдау кеші өтіп, Анадолының бірқатар қаласында мерекелік кештер ұйымдастырылады.