spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

«Түріктер екі минуттың ішінде қанша жалақы алатыныңды біліп алады»: Түркиядағы отандасымыз Лаура

Сондай-ақ...оқыңыз

Түркияға көшіп кеткен отандасымыз Лаура елдің туристік орталығы Анталияда тұрады. Шетелде тұрып жатқанына үш жыл болған алматылық ару жаңа елде бірталай қиындықтармен кезіккен. Алайда бөтен ел болса да, жергілікті халық қазақстандықты отбасымен жылы қабылдап, көмегі мен қолдауын аямаған. Түріктердің дәстүрі, елдегі ахуал, жұмыс жағдайы жайлы Лаура Stan.kz редакциясына берген сұхбатында айтты, деп жазады almau.edu.kz.

Қазақстандағы тәжірибе бөтен елде үлкен көмек болды

Алматыда №6 мектеп гимназиясын бітірдім, Алматы менеджмент университетінде білім алдым. Мектеп кезінен барлық шараларға қатысуға тырысатынмын, екі жыл мектеп президенті болдым. Ал ЖОО-да белсенді болып, 2-курста университетке жұмысқа тұрдым. Студенттік өмірімнің арқасында үлкен тәжірибе алдым, көп нәрсе үйрендім. Қазақстанда айналысқан ісім Түркиядағыға мүлдем ұқсамайды. Алайда Қазақстандағы тәжірибе әлеуметтік жағынан көп жемісін берді. Достарды тез тауып, кез-келген өзгерістерге жылдам бейімделіп, қиын жағдайлардан оңай шығып кете алатынмын.

Қазақстаннан кетпей тұрып, керемет жұмысым, командам, жақсы лауазымым болды. Жалпы бәрі бір қалыпта, көңіл толарлық еді. Университет кезінде алмасу бағдарламасымен Солтүстік Кипрға барып оқып келгенмін. Сол кезде түрік халқын ұнатып қалдым. Осылайша, күндердің күнінде Түркияға қайта барамын деп өзіме уәде бердім. Сөйтіп жүргенде мүмкіндік пайда болды, бәрін тастап, тәуекелге барып Түркияға ұшып кеттім. Қазіргі уақытта жүктілігіме байланысты онлайн жұмыс істеп жатырмын. Блог жүргіземін, Түркияның тамаша ауа райында Анталияда демалып жатқан жағдай бар.

Алғашқы екі ай өте қиын болды: тіл білмедім, жақын жерде достарым да болған жоқ. Мен түріктер арасында қонақ үйде жұмыс істедім, шетелдіктер аз болды, ал түріктердің өздері ағылшын тілінде сөйлемейді. Бірақ түріктер ортасында жүріп, ауызекі тілде сөйлеуді тез үйрендім. Алғашқы екі айда тілде қиындықтар болды, ойымды жеткізе алмай, қарсылығымды менеджерге жеткізуде қиындықтар болды. Жұмыста маған тапсырмаларды тікелей емес, әріптестер арқылы беретін, өйткені мен тілді түсінбейтінмін. Әрине, бұл мені қатты ашуландырды, сөйтіп әріптестерімнің көмегімен түрік тілін үйрене бастадым. Қазіргі уақытта әлі де тілді үйрену үстіндемін.

Түріктер екі минуттың ішінде қанша жалақы алатыныңды біліп алады

Түркияның дәстүріне, менталитеті мен тіліне, мәдениетіне ғашықпын. Әлі күнге дейін түріктердің ашықтығына үйренісе алмай келемін. Қазақтар қонақжай халық деп айтқанымызбен, Түркияда тұрып, түріктер қазақтардан қонақжай екенін түсіндім. Екі минуттың ішінде сатушы, дәрігер, дәріхана қызметкерлері сізден бәрін тәптіштеп сұрап, сұрақ қойып, жалақыңыздың сомасына дейін біліп алады. Бұл – өте тамаша. Маған әрине мұндай сұрақтарды, ашық адам болғаныма қарамастан қою өте ыңғайсыз. Алайда мұндай әңгімеден соң да, олардың тарапынан дөрекілікті еш сезінбеймін. Себебі олар мұны таңғажайып кәсібилікпен, мейірімдерін төгіп жасайды.

Түркияда адамдар мейірімдірек

Түркияда ерлердің рөлі басым, олардың саны да көп. Ресторанда, кафеде, шаштаразда ер қызметкерлердің саны жоғары. Әйелдер болса үй шаруасымен айналысады, бала қарайды, үйдің берекесін келтіреді.

Түркияға келген азаматтар елдің ең біріншіден мұсылман елі екенін ескеру керек. Мұнда адамдар мейірімдірек, себебі рухани білімді. Сондықтан тұрғындардан көмек сұраудан ұялмаңыз. Барлық мерекелері көшбасшылары Мұстафа Кемаль Ататүрікке бағытталған. Осы орайда Түркияға көшіп келмес бұрын оның кім екенін біліп алған дұрыс.

Ешқашан дискриминациямен бетпе-бет келген жайдайлар болған жоқ. Қазақстандықтар жөнінде түріктерден тек жағымды пікірлер естимін. Олар бізді бауырлар деп атайды, түбіміз бір екенін айтады.

Ерлердің салонға барып, өздерін күтуі – қалыпты нәрсе

Жастар арасында қыздар да ерлерден қалыс қалып жатқан жоқ. Ал Қазақстанда керісінше, ерлер қыздардан қалмай жүр деп айтуға болар еді. Оның себебі ерлер рөлінің басымдылығында шығар. Елде шаштараздар әйелдерге және ерлерге арналған деп бөлінеді. Ерлер шаштаразында шаш қиюдан бөлек, сақал қыру, бет тазалау, қас түзету де қалыпты процесс болып саналады. Түрік еркек үшін қас айналасын тазарту қалыпты. Ал қыздарға келер болсам, өз басым сән салондарына тек қазақстандықтарға барамын. Себебі түрік қыздарының қолынан бұл іс жақсы келе бермейді.

Дәстүрлі үйлену тойларында су мен жаңғақтан басқа ештеңе жоқ

Бір жолы қонақүйде жұмыс істеп жүрген кезде мені түріктердің үйлену тойына шақырды. Жұмыстағылардың бәрін шақырды, мен үйленбек болып жатқан жастарды жақсы танитын болғандықтан, мен де тойдың қонағы болдым. Тойға шақыру қағаздары барлық жерде ілулі тұрды. Сонда мен осыншама адамды қалай сыйдырады екен деп ойланған едім. Қалай болғанда да маған дәстүрлі түрік тойын көру қызық болды. Сол күні қарным қатты аш еді, тойға барамын деп ештеңе жемегенмін. Асыға күткен тойға келгенімде көзім көрген көрініске таңғалдым. Салтанат сарайында жайылған дастарханда су мен жаңғақтан басқа ештеңе болған жоқ. Нағыз түріктердің дәстүрлі тойы осылай өтеді. Кеш бойы би билейді, ал қалғандары үстел үстінде отырып осы көріністі тамашалайды. Кейбіреулер мұндай тойларды тұрғын үй кешендерінің алдында өткізеді. Анталияның өзінде бірнеше рет осындай тойларды көргенмін. Әрине, қазір заманауи жастар тойды еуропалық форматта өткізгісі келеді. Алайда дәстүрлі той осылай өтеді.

Мен үшін қызық болып саналатын дәстүріне қатысты, түріктердің екі беттен сүйіп амандасуы дер едім. Ал жасы кішілер үлкендердің қолын сүйіп, маңдайына тақайды. Түрік ерлері өз отбасыларын қатты құрметтейді, ата-аналарын ардақтайды. Тура дәл фильмдердегідей. Қолдарын сүйіп, пікірлерімен санасады.

Түркияға келудің жолдары

Тілді адам сол халықтың ортасында ғана тез үйрене алады. Жеке басыма тілді үйрену қиын болды, сөздерді есте сақтай алмайтынмын. Әріптестерімнен ым-ишарамен «Bu ne?» деп сұрайтынмын, олар маған түрік тілінде жауап беріп жүрді. Әрине, түрік тілін елге келмей тұрып үйрену керек. Ең тиімдісі, түрік сериалдарын көріп, тіркестерді қайталап, жаңа сөздерді жаттап отыру керек. Қазір интернеттен түрік тілін үйрететін түрлі жақсы сайттар бар.

Түркияға туристік визамен де, жұмыс визасымен де, оқу арқылы да келуге болады. Егер сіз туристік визамен келіп, үш айдан астам уақытқа қалғыңыз келсе, онда сізге туристік тұру ықтиярхатын беру керек. Бұл рұқсат ұзарту құқығымен бір жылға рәсімделеді. Егер сіз жұмыс визасымен келгіңіз келсе, онда сіз бұл визаны елшілікте/консулдықта рәсімдеуіңіз керек.

Қонақ үйлерде жұмыс істейтін арнайы агенттіктер оны жасауға көмектеседі. Оқу визасы бойынша бәрі оңай, егер сіз университетке қабылдансаңыз, онда университет сізге келген кезде оқу визасын жасайды және оны жыл сайын ұзартады.

Түрік компаниялары түскі ас береді, үйге дейін апарып тастайды

Жүктілікке дейін халықаралық компанияда жұмыс істеп жүрдім. Бұл үлкен компания болды және барлық оқыту жүйесі, жиналыстар түрікше өтетін. Мен ТМД елдерінің клиенттерімен жұмыс істейтінмін, бүкіл әлем бойынша қызметтер ұсындық. Ол үшін орыс, ағылшын, түрік тілі керек еді. Мен үшін жаңалық болғаны – түрік компанияларының түскі ас пен үйге дейін жеткізу қызметін тегін ұсынуы. Қазақстанда мұндай компаниялар аз. Түскі асты үйден не сырттан аласың. Түркияда олай емес және мұны өте тамаша жағдай дер едім.

Тағы бір айта кетерлігі, Түркия мұсылман елі болғандықтан Құрбан Байрам (Құрбан айт) мұнда ең ұзақ мейрам ретінде атап өтіледі. Көп компания осы мерекеде қызметкерлеріне тәттілер, сыйлықтар, кейбіреулері ақшалай сыйақы береді.

Түркиядағы ең аз жалақы теңгемен шаққанда 180 000 теңге

Түркияда ең аз жалақы мөлшері деген ұғым бар. Жыл сайын оның мөлшері өсіп отырады. Азаматтар мен шетелдіктер үшін оның сомасы әртүрлі. Мысалы, 2020 жылы ең аз жалақы мөлшері Түркия азаматтары үшін 2300 лир болды, демек жұмыс беруші бұдан аз қаражат төлей алмайды. Ал шетелдіктер үшін ең аз жалақы 2020 жылы 3400 лира болды. Бұлар қарапайым қызметтер үшін төленетін қаражат. Лауазым жоғары болған сайын жалақы да өсіп отырады. Қазақстанмен салыстырғанда қарапайым азаматтарының жалақысы көбірек.

Пандемия кезінде шылым шегуге тыйым салынды

Түркиядағы мемлекет пандемия жағдайына өте жауапты қарайды. Ауру өрши түскен сәтте олар бүкіл Түркия бойынша коменданттық сағаттарды енгізе бастады, яғни 4 күн бойы сыртқа шығу мүмкін болмады, демалыс күндері барлығы үйде отырды. Сондай-ақ, мемлекет барлығына тегін қайта пайдалануға болатын бетперделер берді, оларды бізге курьер жеткізіп отырды.

Қазіргі уақытта көптеген аймақта міндетті түрде бетперде тағу режимі енгізілді, яғни жабық бөлмелерде ғана емес, көшелерде де бетперде тағып жүру керек болды. Сондай-ақ, темекі шегуге тыйым салынды, өйткені темекі шегу кезінде адамдар бетпердесін шешеді. Осыған байланысты түріктер ережелерге өте жауапкершілікпен қарайды, барлығы бетперде тағады, егер тақпай жүрген болсаңыз, ескерту жасайды. Менің ойымша, бұл жерде халық мемлекетке сенеді және барлық ережелерді ұстанады. Қазақстанда бұл жағынан қиынырақ.

Медицинасы дамыған, тауары арзан, өмір сүру деңгейі жоғары

Түркия барлық жағынан жақсы, инфрақұрылымдары дамыған. Жолдар мен тасымалдау қызметі жоғары деңгейде. Туризм, тоқыма, өндіріс – бәрі бар. Түркия өз азаматтары үшін киімнен бастап техникаға дейін барлығын өндіреді. Медицина да өте жоғары деңгейде, көптеген адам мұнда емделуге келеді және медициналық көмекке жүгіну оңай процесс емес.

Өнімдер арзан, өйткені бәрі елде шығарылады, аз импортталады, керісінше, экспортқа көп нәрсе жіберіледі. Түркияда өмір сүру деңгейі анағұрлым жоғары.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img