Елбасының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай NUR.KZ порталына сұхбат беріп, америкалық режиссер Оливер Стоунның Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Qazaq: Алтын адам тарихы»(Qazaq: История Золотого Человека) фильмі жайлы айтып берді, деп хабарлайды kaz.nur.kz.
– Айдос Ыдырысұлы, 1 желтоқсан күні республикалық телеарналарда америкалық режиссер Оливер Стоунның 8 сериялы «Qazaq: Алтын адам тарихы» фильмінің көрсетілімі басталды. Жазда Оливер Стоун Елбасы туралы картинаның екі сағаттық презентациясын өткізді. Бұл екі фильмнің айырмашылығы неде?
– Бұған дейін продюсерлер «Qazaq: Алтын адам тарихы» жобасы екі бөлімнен тұратынын атап өткен болатын: дүниежүзіне таралатын толықметражды екі сағаттық туынды және телеарнаға арналған 8 сериялы фильм. Әрине, сериалдың мәні зор. Көрермендердің басым көпшілігі америкалық режиссердің екі туындысының айырмашылығына баға беріп үлгерді. Отандық жетекші БАҚ-тың фильмге жоғары қызығушылық танытуы заңды. Әрбір сериядағы Елбасының цитатасы мен пікірлері сарапшылардың ғана емес, қоғам өкілдерінің де назарын аударады. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев пен Оливер Стоун әңгіме барысында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына қатысты көптеген тақырыпты қозғады. – «Qazaq: Алтын адам тарихы» фильмінің әрбір сериясы қызықты және Елбасының эксклюзивті пікірлеріне толы. Неліктен бұл фильм онлайн видеохостинг сайттарында жоқ?
– «Qazaq: Алтын адам тарихы» жобасының барлық құқығы Оливер Стоун мен Игорь Лопатёноктың продюсерлік тобына тиесілі. Сол себепті бұл сауалды құқық иеленушілеріне қойған дұрыс.
– Биыл Оливер Стоунның фильмінен бөлек журналист Айгүл Әділованың «Портреттің штрихтары» деректі жобасының бесінші бөлімі шықты. Түсінуімізше, бұл жоба Елбасының баспасөз қызметі мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен жүзеге асып отыр. Көрермендер келесі жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті берген ашық сұхбаттың жалғасын көре ала ма?
– Жалғасы екі адамға – басты кейіпкер Нұрсұлтан Назарбаев пен авторы Айгүл Әділоваға байланысты. Әрине, адамдардың пікірін ескеріп, келесі жылы сұхбат сериясын жалғастыру жақсы болар еді. Бірақ пандемия жағдайында әрбір түсірілім қауіпті.
Шын мәнісінде, жоғары сапалы телевизиялық өнім жасау үшін түсірілім алаңында кәсіби мамандардың үлкен тобы болуы қажет. Жобаның басты кейіпкері мен авторы келіссе, келесі жылы барлық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, сұхбатты ұйымдастыруымыз әбден мүмкін. Бірақ қазіргі уақытта жобаны жалғастыру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
– Айдос Ыдырысұлы, бүгін жарияланған Елбасының «Тәуелсіздік сабақтары» мақаласына қатысты қандай пікір білдіре аласыз? – Қандай да бір пікір айту артық деп ойлаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына Тәуелсіздікке қалай қол жеткізілгенін, барлығымыз қандай қиындықтарды бастан өткергенімізді айтып берді. Бұл мақаладан әркім өзіне маңызды нәрсені алатынына сенімдімін. Әрбір қазақстандық Тәуелсіздігіміз біз үшін мәңгілік және ажырамас құндылық екенін түсінуі керек.
Елбасы тағы да барша азаматтарды «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыра отырып, оны сақтау мен нығайту жолында еңбек етуге шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрды, оның мақаласында жастар білуі тиіс мемлекетіміздің қалыптасуындағы маңызды белестер көрсетілген.
Елбасы қазіргі жастардың Отанымыздың даму жолында үлкен жетістіктерге жететініне нық сенеді. Сондықтан мақаланы, ең алдымен, Қазақстанның Тәуелсіздігін сақтау және одан әрі дамыту жауапкершілігі жүктелетін жастардың оқуы маңызды.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!