Президент шетелдік инвестициялар Қазақстан дамуының негізгі факторларының біріне айналғанын айтты, деп хабарлайды sputnik.kz.
НҰР-СҰЛТАН, 3 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің ірі инвестициялық компаниялары өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Ақорда.
Жиын Ақорда резиденциясында өтті. Оның барысында мемлекет басшысы шетелдік инвестициялар Қазақстан дамуының негізгі факторларының біріне айналғанын, сондықтан еліміз инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Бұл саладағы жүйелі әрі жан-жақты жұмыстар бізді Орталық Азиядағы ең ірі, посткеңестік кеңістікте жылдам дамып келе жатқан экономикалардың біріне айналдырды. Тәуелсіздік жылдары шетелден 370 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Мемлекет инвесторларды барлық жағынан қолдауға басымдық береді. Біз әрбір инвесторды жеке әрі кешенді қолдау қағидатын енгіздік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тікелей өзі төрағалық ететін шетелдік инвесторлар кеңесінің инвесторлармен өзара ықпалдасу үшін негізгі алаң екенін атап өтті. Нақты секторға тікелей инвестиция тартудан бөлек құнды қағаздар нарығын дамыту мен шетелдік портфельді инвесторларды елге әкелуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақтағы ірі капитал нарығын құрап отырғанын жеткізді.
«Ұлттық банк негізгі қаржылық реттеуші ретінде қор нарықтарын одан әрі дамыту жолында белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бұл саланың құқықтық және инфрақұрылымдық бағыты жетілдірілген. Елімізде екі қор биржасы – Алматыдағы KASE және Астана халықаралық қаржы орталығы табысты қызмет атқарып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әлемдегі жетекші уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорыны мен қаржы технологиясы бойынша аймақтағы көшбасшы Kaspi.kz IPO-лары капитал нарығының динамикасын арттырып, ілгерілеуіне үлес қосты.
Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызы қанша болғанын мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
«Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасының мұнай-газ, энергетика, инфрақұрылым және басқа да салаларында 700-ден астам мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Біз ірі компаниялардың акцияларының ұлттық қор биржаларында тіркелгенін құп көреміз», – деді мемлекет басшысы.