Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ерекше қажеттіліктері бар тұлғалармен кездесті, деп хабарлайды Aqmola News тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту, инклюзивті білім беруді енгізу, кедергісіз орта құру бойынша ұлттық жоспарды жүзеге асыру туралы айтты.
«Мүмкіндігі шектеулі жандар спорттық өмірге белсенді қатысады, араларында республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері бар. Жерлесіміз Давид Дегтярев Токиода өткен Жазғы Паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен жеңіске жетіп нағыз сенсация жасады, ол ел құрамасының қоржынына жалғыз алтын медальді салды. Жақында ғана ол Тбилисиде әлем чемпионы атанды. Бұл барлық қазақстандықтар үшін маңызды жеңіс», – деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Осы ретте, облыс әкімінің кеңесшісі Василий Шиманский мұндай кездесулер мүмкіндігі шектеулі адамдардың түйткілді мәселелерін жедел шешуге көмектесетінін, қоғамдық бірлестіктер ұсынған барлық жобаларды облыс басшылығы тарапынан қолдау табатындығына сенім білдірді.
Аймақ басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мүддесін қорғап жүрген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне алғыс білдіріп, оларға алғыс хаттар табыс етті.
Марапатталғандардың арасында облыс әкімінің кеңесшісі, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының төрағасы В.Шиманский, паралимпиадалық спорт түрлері бойынша облыс құрамасының мүшесі А.Нұрбеков, «Бірлік» Ақмола облысының мүгедектер одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Р. Мұқатаев, Чернобыль АЭС мүгедектер мен қатысушыларының қоғамдық ұйымы Ақкөл филиалының төрағасы, мүгедектер ерікті қоғамы Ақкөл филиалының төрағасы В. Дроздов бар.
Кездесуге қатысушылар жауынгерлік өнер қауымдастығының облыстық филиалының қамқорлығымен ашылған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Дарын» спорт кешеніне барды.