Президент «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды kaz.nur.kz. Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – делінген Ақорданың хабарламасында. Заңға сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап:
ең төменгі жалақы – 60 000 теңге;
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 19 450 теңге; ең төменгі зейнетақы – 46 302 теңге;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу, сондай-ақ, өсімпұлдарды, салықтарды және өзге де төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 063 теңге;
базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері – 36 018 теңге болады.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы биылғы жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін 42500 теңгеден 60 мың теңге өсіруді тапсырған еді.