Келесі жылы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 миллион қазақстандықтың кірісі артады деп күтілуде, деп хабарлайды sputnik.kz.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Ең төмен жалақы қалай өзгереді
Қабылданған заңға сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен жалақы 60 мың теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы ең төмен жалақы 42 500 теңгені құрады.
Бұған дейін еңбек министрлігінде хабарлағандай, ең төмен жалақыны арттыру экономиканың барлық саласында жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның табысының өсуін қамтамасыз етеді.
«Ең алдымен, ең төмен жалақының көтерілуі «айлығы өте аз» жұмысшыларға қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер де жұмысшылардың басқа санаттарының жалақысын да қайта қарайды», – деп түсіндірді ведомствода.
АЕК немесе айлық есептік көрсеткіш (оны жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданады) 3 063 теңгені құрайды. 2021 жылы ол 2 917 теңге деңгейінде тұр.
Күнкөріс минимумының көлемі (базалық әлеуметтік төлемдердің көлемін есептеу үшін қолданылады) 36 018 теңгені құрайды. Бұл жылы оның көлемі 34 302 теңге болып отыр.
Зейнетақы қалай өзгереді
Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі көлемі 2022 жылы 19 450 теңге шегінде белгіленген. Биыл бұл көрсеткіш 18 524 теңге болып отыр.
Келесі жылы зейнетақының төмен көлемі 46 302 теңге болады. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылы ол 43 272 теңге болды.
Еңбек министрлігі ұсынған ақпарат бойынша, осы аталғандардың нәтижесінде келесі жылы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 миллион қазақстандықтың кірісі артады.