spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес құндылығы

Сондай-ақ...оқыңыз

Егемендік жылдарында Елбасы ұлттың сана-сезімін, рухын, ана тілін, ата дәстүрін, желбіреген көк Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын, бірегей рухани құндылықтарымен, ғылыми-шығармашылық әлеуетімен, асқақ та айбарлы астанасымен, ұлы көшті жанартаудай лапылдап, жасындай жарқылдап, жаңа өріске бастау алды.

Тұңғыш Президенттің көптомдық «Таңдамалы сөздер», «Тәуелсіздік дәуірі» тәрізді энциклопедиялық сипатқа ие еңбектерінде Тәуелсіздіктің эпопеясы толық баяндалған еді.

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс. Сан ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған тәуелсіздік ақ қанатты періште сипатында халқымыздың басына бақ болып қонды. Елбасы мемлекеттің іргетасының беріктігі – ұлттық идеологиямен, ұлттың сана-сезімінің жоғарылығымен, ұлттық дүниетаным тереңдігімен, ұлттық рух, мүдде, намыс тәрізді асқақ қасиеттерімен өлшенетініне, халық даналығына, оның сана-зердесіне, танымдық жүйесіне негізделген ұлттық мәдениет – мемлекет көркеюінің кепілі екеніне ерекше назар аударады.

«Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн, – деп айтқан еді Елбасы өз сөзінде. Бұл ретте, ол ана тіліне, оның қоғамдағы орнына, келешегіне, ұлттық егемендік, ұлттық дүниетаным, ең алдымен, ұлт тілі мен санасына қатысты екеніне, ұлттың үлкен төрт қамалы – әскер, тәуелсіздік, тіл және ұлттық сана екеніне баса назар аударады.

Елорда – ұлт рухының құдіретті шарайнасы. Ол мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен тұтастық – бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы.
1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау» туралы Жарлық шықты. Сол жылдың желтоқсан айының 10 жұлдызында Қазақстан Республикасының астанасы Алматы шаһарынан Ақмола қаласына көшірілді. Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа елордаға әкелінді.

«Астанасына қарап елін таниды. Астанасының қайда орналасып, қалай өркендеп жатқанынан әр елдің өзінің өткені мен ертеңіне деген көзқарасын аңғарып, өзгелерге деген пейілін сезінеді», – деп Елбасы жүрегінің миуа-жемісіндей, жанының бөлшегіндей ардақты Астанасы туралы көкейкесті, жүрекжарды ойын ылғи осылайша өрнектеп, тебірене жеткізумен келеді.

Нұр-Сұлтан шаһарының кереметтері, ғимараттары, сәулет нысандары: халықтың ұшқыр қиялындай, жапырағын жайған жас шынардай жарқыраған Бәйтерек, Ақорда, Тәуелсіздік сарайы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Назарбаев Университеті, Хан Шатыр, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Ұлттық академиялық кітапханасы, Ислам мәдени орталығы, Сыртқы істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Жоғарғы сот, Парламент, сан салалы cпорт сарайлары, Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы, «Астана Опера» театры, Әзірет Сұлтан мешіті, «Думан» ойын сауық орталығы және тағы басқа жасампаздықтың, өркендемпаздықтың нақты айғақ-дәлелі.
Сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты ұлттық, мемлекеттік, стратегиялық, философиялық, мәдени-тарихи мән-мағынасы мейлінше кемел, терең мақалалары мәдени өрлеуімізге серпін берді.

Әлем тарихында Елбасыны жарқын құбылыс, жаңашыл реформатор ретінде таниды. Ол пікірлердің қай-қайсысы да Елбасының пайым-парасатына, ерлік іс-қимылдарына, төтенше шешімпаздығына берілген мейлінше әділ сипаттамалар. Себебі, Тәуелсіздік пен Елбасы тамырлас ұғым. Тәуелсіздіктің киелі қағидаттарын түп-тамырымен түсініп, оны қаһармандық өнегелі еңбегімен сәулеттендірген шынайы халық қызметшісі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Серік НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img