ВВС тележүргізушісі Ялда Хаким Ауғанстанда туған. Оның отбасы 80-жылдары басқа елге көшіп кеткен, бірақ кейін ол Ауғанстанға журналист ретінде бірнеше рет келген. Ол ел билігін тәліптер (Қазақстанда тыйым салынған – ҚазАқпарат) өз қолына алғаннан кейін алғаш рет отанына келіп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агентігіне сілтеме жасап.
«Ауғанстанда денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері – Кандагардағы дәрігерлерден Кабулдағы аурухананың еден жуушыларына дейін бұған дейінгі үкімет құлағаннан кейін және шетелдік көмек тоқтағаннан кейін жалақы алмаған. Олар өздері де ашаршылық алдында тұр, бірақ соған қарамастан жұмысқа барып, адамдарға көмектесіп жатыр», – дейді журналист.
Насрин Ауғанстан астанасы Кабулдегі Индира Ганди атындағы ауруханада еден жуушы болып жұмыс істейді.
«Егер біз жұмысқа шықпасақ, бұл балалар өліп қалады. Біз оларды қалай тастап кетеміз?», – деді ол.
Кішкентай пациенттердің басым бөлігі тамақ тойып ішпегендіктен өте әлсіз. Палаталар инфекция жұқтырып алмауы үшін таза болуы тиіс.
Насриннің айтуынша, оның көлікке мінетін ақшасы жоқ. Ол жұмысқа жаяу келеді. 12 сағаттық ауысымнан кейін тау жотасымен төмен түсіп, кейін қайта тауға шығады.
БҰҰ бағалауы бойынша, 23 миллион ауғандық аштықтан көз жұмуы мүмкін. Тұрғындардың 95%-ы тойып тамақ ішпейді.
«Талибанның» ресми өкілі Сухейль Шахин бәріне халықаралық қоғамдастықты кінәлап отыр. Оның айтуынша, ауған халқы Батыстың кесірінен жапа шегіп отыр.
«Олар елдің құлдырап жатқанын, ашаршылық алдында тұрғанын айтуда – бұл қайғылы жағдайдың алдын алу үшін бірдеңе істесін. Адам құқығы туралы айтып жүрген елдер, халықаралық қоғамдастықтар Ауғанстанды гуманитарлық кризиске әкелетін әрекеттерін тоқтатсын», – дейді Шахин.