Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен шұғыл брифингте Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов Шортанды кентінде газ баллоны жарылуының салдарынан зардап шеккендердің жағдайын айтты, – деп хабарлайды «Aqmola News»ақпарат агенттігі.
Кеше Шортанды кентінде барақ типіндегі үш пәтерлі үйде газ боллон жарылып, үш адам қаза болып, 11 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Осы оқиғаға қатысты басқарма басшысы зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты. Оның айтуынша, 2009 жылы туған ұл мен 2012 жылы туған қыз баланың жағдайы ауыр. Олардың денесінің 90 пайызын күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр. Олар өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған.
«Жалпы ауруханаға жеткізілген 11 адамның ішіндегі бір қыз бала медициналық тексеруден соң, туыстарының үйіне жіберілді. Оған амбулаторияда ем қабылдауға нұсқау берілді. Төрт бала шұғыл Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасының анестизия және жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Екі ересек адам Нұр-Сұлтандағы №1 қалалық аурухананың күйік бөлімшесіне орналастырылды. Күйік бөлімшесіне түскен екі ер адамдардың жағдайы да өте ауыр. Олардың денесінің 70 және 40 пайызын күйік шалған. Сонымен бірге, Шортанды аудандық ауруханасында бір бала мен бір әйел станционарлық ем қабылдауда. Қалған зардап шеккендер амбулаториялы ем қабылдауда,-деді ол брифинг кезінде.
Шортанды аудандық ауруханасына жатқызылған екі адамның да жағдайы белгілі болды. Аурухананың бас дәрігері Руслан Бутембаевтың айтуынша, онда 1964 жылы туған әйел мен бір жастағы бала аурухананың күйік бөліміне жатқызылған.
Қазір олардың жағдайлары бір қалыпты. Әйелдің бет әлпеті мен қолын 25-30 пайыз күйік шалған. Ал баланың жағдайы бір қалыпты. Тиісті ем-шара жүргізіліп жатыр,-деді ол.
Оқыс оқиға туралы хабарлама өрт сөндіру бөліміне сағат 21:38-де келіп түскен. Өртті сөндіруге ТЖД-ның 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» ЖШС МЕӨҚҚ-ның 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған. .