ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 12 жастан асқан балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Баланың иммунитеті жақсы болса вакцинация керек пе? Ведомство мәліметінше, КВИ-ге қарсы вакцина егілетін адамға коронавирус инфекциясынан қорғайтын арнайы иммунитет береді. Өкінішке қарай, табиғи арнайы емес иммунитет кейде инфекцияларға қарсы тұра алмайды, нәтижесінде егілмеген адамдарда ауру жұқтырған кезде сырқаттанудың және асқынулардың қаупі жоғары болады. «Инфекциядан кейінгі әрі вакцинациядан кейінгі асқынулардың жиілігі салыстыруға келмейді. Мәселен, коронавирус инфекциясымен ауырған кезде, шамамен 15 пайыз жағдайда ауруға оттегі терапиясын қолдану қажет болады, тағы 5 пайызында пациенттердің жағдайы күрделі болады. Ықтималдығы жоғары аурудың ауыр түрлері егде жастағы адамдарда және демікпемен, диабетпен әрі жүрек ауруларына шалдыққан адамдарда асқынуы мүмкін», – деп аталып өткен комитет мәліметінде. Сонымен қатар, КВИ-ге қарсы иммундаудан кейін ауыр қолайсыз жағдайлардың тіркелуі іс жүзінде нөлдік деңгейде екені айтылған. Вакциналар табиғи иммунитетті төмендете ме? «Вакциналар табиғи иммунитетті төмендетпейді. Вакцинацияның туа біткен иммунитетке әсерін дәлелдейтін бірде-бір зерттеу жоқ. Егер Comirnaty (Pfizer) вакцинасымен егу туа біткен иммунитетті әлсірететіні туралы нидерландтық зерттеуге қатысты айтатын болсақ, онда бұл шындыққа жатпайды. Бұл зерттеудің қорытындысы дұрыс түсіндірілмеген. Зерттеудің мәні – иммундық жүйенің молекулалық деңгейде қаншалықты жақсы жұмыс істейтінін және туа біткен иммунитетті «жаттықтыруға» болатындығын көрсету», – деп жазылған комитет хабарламасында. Балаларға жасалған БЦЖ вакцинасы коронавирустан қорғай ма? Мүмкін Pfizer-ді ектірудің қажеті жоқ шығар? «БЦЖ вакцинасы туберкулездің арнайы профилактикасы үшін қолданылады және бұл вакцина туберкулездің ауыр түрлерінен (милиарлы диссеминацияланған туберкулез, туберкулезді менингит) қорғайды. Әлемдік практикада осы вакцинацияның КВИ-ден қорғауға әсерінің болуы туралы ғылыми негізделген дәлел жоқ. Осыған байланысты, туберкулезге қарсы вакцинация коронавирус инфекциясынан қорғай алмайды. КВИ-ден қорғау мақсатында осы инфекцияға қарсы вакцинация ұсынылады. Әлемдік деңгейде жасөспірімдерге Comirnaty (компании «Pfizer») вакцинасы ұсынылады, сондықтан жасөспірімдерге бұл вакцина КВИ-ден спецификалық қорғау үшін ұсынылады», – делінген таратылған ақпаратта. Вакцина иммундық жүйені ауырлатпай ма ? Комитет деректеріне қарағанда, адамның иммундық жүйесі күн сайын көптеген антигендермен кездеседі және олармен күреседі әрі қорғауды қамтамасыз етеді. Вакцина дозасындағы антигендер организмді ешқандай жолмен ауырлата алмайды және КВИ-ге қарсы арнайы иммундық қорғанышты өндіруге бағытталған. КВИ-ге қарсы вакцина қалай егіледі ? «Өндірушінің нұсқаулығына сәйкес, Comirnaty (Pfizer) вакцинасы бұлшықетке салынады», – деп нақтылады ведомство өкілдері. Айта кетейік, елімізге Pfizer вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілді. «Министрлік Pfizer компаниясының Comirnaty (Pfizer) вакцинасының 4 млн 230 мың дозасын вакцина сатып алды. Бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Республикаға 379 мың доза көлемінде бірінші партиясы жеткізілді. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакцинациялау үшін ұсынады», – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанға Pfizer вакцинасының жеткізілуіне байланысты бекітілген талаптарды қатаң сатауды тапсырды. 15 қарашадан бастап елордада Pfizer вакцинасын егу басталады.