Бүгін Көкшетауда көрнекті қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің еңселі ескерткіші бой көтерді. Қайраткердің тұғырлы тұлғасын жасаған мүсіннің авторы, «Құрмет» орденінің кавалері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Тоқтар Ермековпен «Aqmola News» тілшісі әңгімелесті.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері – Еркін Әуелбековтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтерген еңселі ескерткіш көпті қуантты. Қылышынан қан тамған Кеңестер Одағы тұсында Еркін Әуелбеков Көкшетау, Қызылорда, Торғай облыстарын басқарып, іскерлігі мен батыл шешімдерінің арқасында тұтас халық үшін мақтан тұтар ардақты азаматқа айналды.
– Сіз бүгін барша қазақ елінің, әсіресе, көкшеліктердің көптен күткен қуанышының орын алуына ықпал жасадыңыз. Көкшенің төрінен алған сіздің жұмысыңызды көпшілік ұнатып жатқанын байқадық. Ал өзіңіздің көңіліңізден шықты ма?
– Бұл жобаны жүзеге асыруға бір жаз кетті десем болады. Мұндай күрделі композицияны жасап шығару үшін қанша еңбек жұмсалатынын өздеріңіз білесіздер. Жауапкершілігі мол жұмысты көпшіліктің көңілінен шығатындай етіп жасауға барымызды салдық. Кез келген мүсінші өз жұмысына сын көзбен қарауға тиіс. Дегенмен,негізгі бағаны халық береді.
– Халқының асыл перзентіне айналған Еркін Әуелбековтің дәл осы кескін-келбетіне тоқтау қаншалықты қиын болды?
– Дұрыс айтасыз, кез келген тұлғаның мүсінін, портретін дайындау үшін суретшілерде бірнеше нұсқалар мен сызбалар болады. Соңғы эскизге тоқтау да нақты шешімді талап етеді. Бұл жай ғана бюст немесе ескерткіш емес бүтіндей бір композиция болғандықтан көп ойлануға тура келді. Нәтижесінде тұлғасының биіктігі 3 метр, тұғыры 2,5 жарым метр, жалпы салмағы 1 тоннадан асатын ескерткіш орнатылды.
– Қайраткердің портретін, еңселі тұлғасын құюда, мүсіндеуде ол кісінің қандай ерекшелігіне мән бердіңіз? Композицияны әркім қиял әлеміне салып әрқалай суреттеуде. Ал, суретші нені меңзейді?
– Бұл ескерткіштен еңбек ерінің егістік даласында келе жатқанын байқауға болады. Бірде бірге қызмет еткен әріптестері: «Егістік даласынан келген Еркін Нұржанұлының костюмінен сығып аларлық тер шығатын еді. Ол даладағы жұмысшылармен көп уақыт өткізетін, қырман басына, егістік алқабына жаяу баратын» деп айтқанын естігенмін. Бұл жобаны жасауда менің көз алдыма егістік алқабы мен Еркін Әуелбеков келе берді. Сол себепті кең далада келе жатқан ол оң қолымен бидайды сипап, сол қолымен шляпасын шешіп, жүрегінің тұсына қойып келе жатады. Шляпаның жоғары жағында депутаттық таңбасы көрініп тұр. Бұл зер салып қарағанға ол кісінің нағыз интеллигент, ұлтқа, мемлекетке қызмет етуші тұлға болғанын айғақтайды. Қолымен бидай сипағаны өз ұлтын сүйетіндігін, кез келгенге қамқор бола алатындығын көрсетеді. Кеудесіндегі белгісі жас кезінде ақ Кеңестер одағының жұлдызы болғанын, қажырлы еңбектің арқасында ең жас әкім, ең жас басқарушы болғанын білдіреді. Менің жастарға соны түсіндіргім келді.
-Тұлғалық кейпін мүсін арқылы жеткізуге кімдер көмектесті? Қандай мәліметтерге сүйендіңіз?
-Тимирязов атындағы Мәскеу мемлекеттік академиясында оқып, Солтүстік Қазақстан облысы Коновалов машина трактор станциясының (МТС) директоры, ауылшаруашылығы министрінің орынбасары қызметтерін небәрі 45 жасына дейін бағындырған айтулы тұлғаның дара қасиеттерін, өршіл рухын сезбей тұрып, бірдеңе жасау мүмкін емес. Маған оның Оразкен Әуелбеков бастаған туыстары көп көмектесті. Олар маған архивтердегі суреттерін, құжаттарын әкеп берді. Еркін Әуелбеов туралы деректі фильмдерді де, желтоқсаншы жолдастарымның берген мәліметтерін де қарап шықтым. Арнайы комиссияға қайта-қайта көрсете отырып, барлық ақыл кеңестерді ескере отырып жоба жүзеге асырылды.
– Мүсінді толық аяқтауға қанша уақыт кетті. Қандай материалдан құйылды?
– Жұмыстар Екатеринбург қаласында жасалды. Иван Дубробин дейтін мүсінші досым арқылы шеберхананы жалға алып, жұмыс істедім. Қазақстандағы бағаның біршама жоғары екенін ескерсек, өте қымбатқа түсер еді. Сондықтан бұл дұрыс шешім болды. Алдымен лайдан, одан соң гипстеліп, үшінші кезеңде қола құйылды. Жұмысты толық аяқтауға 3-4 ай уақыт кетті.
-Сіз қазақтың хандары мен ел билеушілерін, қайраткер тұлғаларын жасауда көп ізденесіз. Мұндай жұмысты атқаруда қазақ халқының мүддесі үшін күрескен небір ағартушы ғалымдармен, батырлармен, ақындармен «бірге өмір сүресіз». Еліміздің болашағы үшін оқып білім алып, еңбек етіп жүрген жастарымыздың бойынан осы кісілердегі қасиетті көре аласыз ба?
– Отанын, ұлтын сүю деген шынайылықпен, тазалықпен, дәстүрге деген адалдықпен, тіліңе, дініңе, діліңе деген құрметпен өлшенеді. Қазақ қазақ болғалы да мінсіз, мамыражай өмірді ғана сүрдік дей алмаймыз, қаһарлы жылдармен, қайғылы оқиғалармен бетпе-бет келген кезеңдер аз болған жоқ.Тарихымыздағы тағдырлы кезеңдерде қазақты құтқарған қандай күш? Бұл, әрине, осындай текті тұлғалармыздың арқасы деп білемін. Кешегі өткен алаш арыстарының да арманы ұлтына шын берілген, өте адал, өте білімді жастардың қалыптасып, өсуі болды. Зерделі жастардың қатары артқан сайын әділетсіздікке орын қалмайды. Менің де мақсатым тарихымызды таныта отырып, бабаларымыздың рухын, қайраткерлеріміздің қайсар мінезін жастарға үлгі ету. Мен де Мағжан сияқты жастарға сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайтындығын ескерсек, кешегі өткенімізді тас мүсінмен таңбалап жүрген қолөнершінің жұмысы көпті қызықтыратыны рас.
Тоқтар Ермеков – Елордадағы Бөгенбай батыр ескерткішінің, «Нар қыз» мүсінінің, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы бірқатар жұмыстардың, Ақтөбеде бой көтерген Жалаңтөс баһадүр ескерткішінің авторы. Жезқазған қаласындағы мемориалды кешен «Абай тағылымы», Павлодар, Ақтөбе қалаларында ашылған Абай ескерткіштерінің авторларының бірі.
Нұр-Сұлтандағы «Керей Жәнібек» хандардың композициясын, «Мәңгілік ел» салтанат қақпасын, «Қазақ елі» монументін жобалауға қатысқан.
Ол 1960 жылы Қарағанды облысында туған. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысып, қудалауға түсіп, жазықсыз жаза арқалаған.
1979 жылы Гоголь атындағы көркем өнер училищесінің мүсін және сурет мамандығын, 1983 жылы Жүргенов атындағы мемлекеттік көркем өнер институтын бітірген.