70 жастағы ақмолалық спортшылар велосипед спортынан ел чемпионатында төрт бірдей алтынды медальды қоржынға салды, деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ардагерлер мен әуесқойлар арасында велосипед спорты бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты Нұр-Сұлтан қаласында өткен.
Велосипедшілер 3 мың метрге жекелей сында, ерлер арасындағы 500 метрлік командалық спринтте және әйелдер арасында 500 метрлік гитте бақтарын сынасты.
«Облыс спортшылары үздік нәтижелерге қол жеткізді. Олар қоржынға жалпы саны 7 медаль салды. 70 жастағы Валерий Карагаев жекелей сында да гитте де алдына қара салмай ел чемпионы атанды. Дәл осы сындарда 69 жастағы Анатолий Гонаго да қарсыластарын қапы қалдырып, алтынды қоржынға салды. Ал 18-34 жас аралығындағы санатта Антон Портнягин гит және абсолюті есепте 3 орынға ие болып, жекелей сында күміс медальға ие болды», – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Махаббат Большина.
Командалық спринтте ақмолалық жұп Валерий Карагаев пен Антон Портнягин мәрені төртінші болып кесті.