ШҚО-да арнайы операция барысында бопсалаумен айланысқан қылмыстық топ өкілі ұсталды. Бұл туралы өңірдің полиция департаменті хабарлады.
Жедел уәкілдерге осыған дейін бірнеше рет істі болған Өскеменнің 31 жастағы тұрғыны қыркүйек айының басынан бері шаруа қожалығының иесінен 30 млн теңге бопсалап жүргені туралы ақпарат түседі. Мамандандырылған бөлімшелерді тарту арқылы ұйымдастырылған жедел шаралар нәтижесінде күдікті қолға түсті.
Ол шаруа қожалығы аумағында ақша алып жатқан жерінде ұсталды. Тінту барысында оның заңға қайшы әрекеттерін дәлелдейтін заттай айғақтар тәркіленді. «Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Оның ісі Қылмыстық кодектің 194- бабы 4- бөлігі (Бопсалау) бойынша қозғалды. Бап 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді»,- деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.