spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Тұңғыш Президенттің тарихи рөлі

Сондай-ақ...оқыңыз

Республиканың егемендігі мен ұлттық тәуелсіздігі мәселесі 1986 жылғы желтоқсан айында алдыңғы қатарға шығып, бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, дүниежүзілік саяси жүйедегі өзгерістердің бастауы болғаны тарихтан мәлім. Кеңес Одағының ыдырауы мен одақтас республикалардың қайта құрылуы нәтижесінде енгізілген президенттік институт жетекші сая­си жүйеге айналып, жаңа мемлекеттіліктің іргетасы қаланды.

Осылайша, қоғамдық дамуды ба­ғыттауға қабілетті бірыңғай мемлекеттік билік қалыптасады. «Қазақ КСР Пре­зиденті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң негізінде 1990 жылғы 24 сәуірде Жоғарғы Кеңес сессиясында ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан мемлекетті басқаруға қатысып, бірқатар басшылық қызметті атқарған, 1989 жылғы маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымын атқарып жүрген аса танымал тұлға Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-інің Тұңғыш Президенті болып сайланып, оған елді басқару жауапкершілігі жүктелді. Бұл міндеті жайлы Елбасы: «Бізге төніп тұрған дағдарыстың бұлтын халқымның даналығына, еңбекқорлығына арқа сүйей отырып серпіп тастауға менің білім-білігім де, күш-қайратым да жетеді. Елімізде жүріп жатқан жаңғыруларды жалғастыруға, елімізді көркеюге және біздің әрқайсымызды игілікке жеткізетін жолға мемлекетімізді алып шығуға ме­нің тәжірибем де, ерік-жігерім де жете­ді. Мен өз тағдырымды халқымның тағдырынан бөлек қарап көрген емеспін. …Мен осы елдің жолында бәйгеге басымды тіккен адаммын. Ол жолда ештеңеден тайынбаймын да, ештеңеден аянбаймын да. Қазақстанның елдігін, көпұлтты Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та жоқ менде, арман да жоқ менде», деп өз тағдырын елдің арман-мұратымен ажырамас бірлікте қарастыратынын атап көрсете отырып, тарихымыздың сол кезеңінде атқарылған істерге: «Біздің алдымызда тәуелсіз, демократиялық, нарықты экономикалық мемлекет құрудың дап-дайын тұрған тәжірибесі болған жоқ. Мен де мемлекеттің қалай құрылатынын бірден біле қалған жоқпын. Біз адамзат тарихындағы өсу мен өркендеудің, даму мен болашаққа ұмтылудың қадамын бастадық. …Біз өз мемлекеттілігіміздің іргетасын жаңадан бастап қалап, оның барлық болмыс-бітімін дер кезінде кезең-кезеңімен қалыптастыра, осы жолда үйрене отырып, тарихи жетістіктерге қол жеткізе білдік», деп баға берді.

Тәуелсіздікті орнату мен орнықтыру бағытындағы Қазақстанның ішкі сая­сатындағы тарихи маңызды оқиғалардың алғашқылары 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары болған белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерін ақтау туралы қаулысы және 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде қабылданған «Тіл туралы» заңы болғанын атап өткен жөн.

1990 жылғы наурыз айында өткізілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттарды жаңа демократиялық қағидаттар негізінде сайлау елдегі демократиялық үрдістердің басталуына жол ашты. Сонымен қатар қазақстандық қоғамда әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қам­та­масыз етіп, мемлекеттік-құқықтық әдіс­терді қолдану арқылы бәсекеге қа­бі­летті ортаны қалыптастыру, ол үшін аза­маттардың құқықтары мен бос­тан­дықтарына кең көлемде кепілдік беру үшін қажетті жағдай жасау алдыңғы орынға шығады. Қоғамдық келісімге қол жеткізуде мемлекеттік билік тар­мақ­тарының бірлесе отырып іс-қи­мыл жасау тетіктері конституциялық дең­гейде қалыптасты.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мем­лекеттік егемендігі туралы Деклара­цияны» қабылдау арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның егемендігін жариялады. Республика Конституциясының негізін қалаған тұңғыш заң актісі болып табылатын бұл Декларацияда Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халық­аралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет болып  жарияланды. Сон­дай-ақ алғаш рет Қазақстанның өз эконо­микалық және ғылыми-техникалық әлеуе­тіне, табиғи қорына меншік құқы­ғы белгіленді және Қазақстан Декла­рация­сында белгіленген заң нормалары шең­­берінде егемен мемлекет ретінде респуб­лика мәртебесін іске асыратын жаңа Конс­­титуция мен басқа да заңдық-құқықтық актілерді әзірлеу өкілеттігіне ие болды.

Қазақстан Республикасының еге­мен­дік алып, әрі қарай тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде қалыптасып-дамуы қиын жағ­дайлармен ұштасты. Көптеген аймақ­та әлеуметтік-демографиялық және саяси-экономикалық тұрақсыздық белең алды. Әлемдік кеңістікте жаһан­дық қауіпсіздікті сақтауда ядролық қаруды таратпау мәселесі Қазақстан Республикасы саясатының аса маңызды бағыты болды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының өзара халықаралық міндеттемелерінің қатарында ядролық қаруды таратпау және оған қатаң қада­ғалау орнату болды. Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 та­мыздағы Жарлығымен Қазақстандағы Семей ядролық сынақ алаңы жабыл­ды. Сөйтіп, осы күні адамзаттың өмі­рі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қырық жыл бойы төніп келген қауіп­ке тосқауыл қойылған болатын. Қазақ­стан дүниежүзінде бірінші болып өз еркімен ядролық қарудан бас тарту ар­қылы жаһандық қауіпсіздік жүйесін қа­лыптастыруға, Жер бетіндегі бейбітшілік ісіне теңдесі жоқ үлес қосты. Елбасы елімізді дамыту стратегиясында бұл мәсе­леге байланысты: «Қазақстан… бірін­­ші кезекте ядролық қаруларды бола­шақта толық жою мақсатымен қысқар­туға, қолдануға және оны жасауға жәрдем­де­сетін материалдар мен технология­ларды сыртқа шығаруға жол бермеуге қол жеткізе беретін болады», деп атап өтті.

Тұңғыш Президентіміздің 1991 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясында одақтас республикалар тең құқылы мемлекеттер ретінде дос­тық одағын құруы туралы ұсынысы іске асырылып, Кеңес Одағы республикаларын егеменді мемлекеттер одағы ретінде қайта құру реформасы дайындала бастады. 1991 жылғы қыркүйек
айында Алматы қаласында өткен Төтенше съезде Қазақстан Коммунистік партия­сы қызметінің тоқтатылғандығы жария­­ланып, сол жылы 1 қазанда Нұр­сұл­­тан Назарбаевтың бастамасымен Алма­ты қаласында КСРО құрамында болған 13 республика өкілдерінің кез­десу­інде 8 мемлекеттің, яғни Ресей, Ук­раи­на, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрік­­менстанның өкілдері өзара эконо­микалық байланыс туралы келісім-шартқа қол қойды.

Тұңғыш Президентіміз 1991 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Азия кеңістігінде Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) үлгісімен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. 1991 жылғы 8 желтоқсанда Минск қаласында Ресей, Беларусь, Ук­раина президенттері «Тәуелсіз Мем­лекет­тер Достастығын құру туралы» Бело­вежск келісіміне қол қойғаннан кейін Орта Азия және Қазақстан мемлекет басшылары Ашхабадта 13 желтоқсандағы кездесуде Беловежск келісімін талқылап, бұрынғы бірыңғай Одақтың орнына тең құқылы мәртебесі бар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құруға дайын екенін мәлімдеді. ТМД-ға мүше болған мемлекеттер ішкі, саяси, әлеуметтік, эконо­микалық мәселелерді дербес шешу­ді, ал әскери, сыртқы және т.б. аса ма­ңыз­ды халықаралық мәселелерді ортақ негізде бірлесе отырып шешуді ұйғарды.

Бүкілхалықтық президенттік сайлау­ды алғашқы рет 1991 жылғы 1 жел­тоқсанда өткізу нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Президенті лауа­зымына сайланды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің сессия­сында «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­­титуциялық заңы қабылдануы нәти­жесінде Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­пуб­ликасының атауы Қазақстан Респуб­ликасы болып өзгертілді және тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет деп жарияланды.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ұсынысымен Алматы қаласында 11 республиканың басшылары қатысқан кездесуде Әзербайжан, Ар­мения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Украина, Өзбекстан, Тә­жікстан, Түрікменстан мемлекеттері тең құқылы қағидатына негізделетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісім хаттамасы мен «Алматы Декларациясын» қабылдады. Аталған Декларацияда жаңадан құрылған ТМД мемлекеттерінің «арасындағы қарым-қатынастар әрбір елдің мемлекеттігін тану және құрметтеу, өзін өзі билеу құқығының бұлжымастығы, тең құқылы және ішкі істеріне қол сұқпау ұстанымы, күш қолдану мен күшпен қоқан-лоқы жасаудан, экономикалық қысым жасау әдістерінен бас тарту, дауларды шешу, адам құқы мен еркіндігін, соның ішінде аз ұлттардың да құқығын құрметтеу, халықаралық құқық нормалары мен талаптарын адал орындау негізінде дамиды» деп атап көрсетілді.

Елбасының белсенділігі мен іскерлігі арқасында Қазақстан Республикасы 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толық құқылы мүшесі атанып, сол сәттен бастап бүкіл дүниежүзі Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, дербес мемлекеттілігін таныды. Тұңғыш Президентіміз «қайта құру» кезеңіндегі келеңсіздіктер салдарынан тоқырап қалған экономиканы қалпына келтіріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін, мемлекетіміздің қазіргі кезеңде дүниежүзіндегі алатын орнын болашақта да сақтап қалу үшін саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды барынша тиімді әрі жедел жүргізуге, елдің даму жолын дұрыс таңдауға күш жұмсады. Осы мақсатта батыстық және шығыстық дамыған елдердің басшыларымен, іскер адамдарымен кездесіп, кеңесіп, озық тәжірибелермен танысты. Сол кезеңде саяси-экономикалық салада жекешелендіру, зейнетақы реформасы, құлдыраған өндірістік кәсіпорындарды қалпына келтіру, шетелдерден инвестиция тартып, бірлескен кәсіпорындарды ашу, бағаны ырықтандыру сияқты бір­­қатар күрделі экономикалық іс-шара­ны орындай отырып, қоғамдық орнық­тылықты қам­тамасыз етуге бағыт­талған ішкі саясат жүргізілді. Қазіргі кезде Елба­сы тек ұлт көшбасшысы ғана емес, Орталық Азиядағы, ТМД-дағы және Түркі­тілдес елдердегі бірегей тұлға ретін­де кеңінен танылып отырғанының куә­сіміз.

Бүгінгі Қазақстан – мемлекеттік шекарамен айқындалған аумағы, дербес Конституциясы, сыртқы және ішкі саясаты, төл экономикасы, өнері, тілі, діні, салт-дәстүрі бар, бүкіл әлемге танымал тәуелсіз мемлекет.

Елімізді саяси-экономикалық тұр­ғыда дамыту үшін басқа елдермен ын­ты­мақтастық құрудың маңызы зор. Қазақ­стан көршілес Ресей, Қытай, Орта­лық Азия республикаларымен қатар, АҚШ, Канада, Германия, Франция, т.б. мемле­кеттермен өзара байланыс пен серіктес­тікті нығайтуда.

Бүгінде Қазақстан Республикасы сая­си-экономикалық реформаларды жү­зеге асыру, халықтың әл-ауқатын арт­тыру мәселелері бойынша еркін даму жолына қатар түскен ТМД мемле­кет­терінің көш басында келеді. Қазақ­стан – ТМД мемлекеттерінің ішінде жаңа эко­но­микалық жүйе құрған, за­манауи қоғамдық институттарды ны­ғайтып, демократиялық құқықтық мем­лекеттің іргетасын қала­ған алғаш­қы мемлекет. Үздік эконо­мика қалып­тас­тыру және сенімді әлеу­меттік негіз қалау нәтижесінде республикада іш­кі тұрақтылық орнады. Мем­ле­кетіміз Орталық Азия өңірінде геосая­си тұрақ­ты­лықты және халықаралық қауіп­сіздік­ті қамтамасыз ету міндет­терін атқа­ратын халықаралық қоғамдас­тық­тардың толыққанды мүшесіне айналды.

Қазақстан мемлекеттілігін қалып­тас­ты­рудағы нақты қадам Елбасының «Қазақ­стан-2050» стратегиясында айқын­далған, еліміздің әлемдегі озық отыз мемлекеттің қатарына қосылуға ұмты­лы­сынан байқалады. Қазіргі таңда жас мем­лекетіміз саяси-экономикалық тұрақ­тылығы нығайып, халықаралық қоғам­дастықта беделі артып, өркениетті даму жолына түсіп, әлемдік сахнада құқық­тары мен мүдделерін қорғай алатын іргелі елдер қатарына қосылып отыр­ғанын зор мақтанышпен айта аламыз.

 

Ұлжалғас ЖОЛДЫБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты

© egemen.kz

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img