Көкшетауда синтетикалық есірткіні жасырып жүрген жас ерлі-зайыптыларды ұстады. Олардан есірткінің 30 орамы табылды,деп хабарлайды «Aqmola News».
24 жастағы жігіт пен оның 22 жастағы жұбайы есірткі заттарын Көкшетау қаласының теміржолшылар паркінің маңында жасырып келген.
Жас жұбайлар есірткінің кезекті партиясын жасырып жатқан кезінде ұсталған. Ер адамды тінту барысында белгісіз 27 орам (алдын ала болжам бойынша синтетикалық есірткі «а-PVP пировалеронның құрылымдық аналогы»), ал келіншегінен жасырылған есірткілерді фототүсіріліміне және жолдаған кезде геолокациялық орналасуын көрсететуге қолданылған телефон тәркіледі. Сондай-ақ, парк аумағын қарау кезінде жасырып үлгерген тағы 3 орам есірткі табылған.
«Ұсталған жас жұбайлар көрші облыстан келіп, есірткіні жасырумен жақында айналыса бастағанын айтты. Есірткі заттарын интернет арқылы тілдескен адамнан алып отырған. Сөйтіп 10 күндей «жұмыс істеген жұбайлар құқық қорғаушылардың қолына түсті», – дейді облыстық полиция департаментінің нашақорлықпен күрес жөніндегі басқармасының бастығы Мейрам Жапбасов.
Қазір ұсталған жұбайларға қарсы қылмыстық кодекстің 296 бабының 2 тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.