Ақмола облыстық ТЖД қызметкері Жарқын Шаяхимов Көкшетауда газ қопарылған пәтерге бірінші болып көмекке келген. Ер адамның өртті қалай сөндіргені және оның пайда болу себептері туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, қазанның 12-де Көкшетау қаласы Көктем шағынауданы 5а мекен-жайы бойынша орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде газ-ауа қоспасы жарылды. Бұл осы үйде тұрғыны Ақмола облысы ТЖД қызметкері Жарқын Шаяхимовтың жұмысынан үйіне қайтқан кезі.
«Ол осы үйдің жоғары қабатындағы пәтеріне кіріп, сырт киімін шешіп те үлгермеді. Кенет қатты жарылыстың дауысы естілді. Осы кезде оның 18 жастағы қызы Әсем әкесіне газ жарылған айтып, «101» нөміріне қоңырау шалды. Ал, әкесі Жарқын Қуандықұлы болса, бірден пәтеріндегі газдың кранын жауып, жарылыс болған төменгі қабатқа жүгіреді. Онда қызыл жалынға шелекпен су бүркіп, тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырды. Бірінші кезекте, балалар мен әйелдерді, содан соң өзгелердің қауіпсіз жерге шығуына көмектесті. Артынша, үй жиһазы мен терезедегі перделерді шарпыған отты сөндіруге ұмтылады. Алайда, қызыл жалын оған дес бермейді. Бірақ та, ол соған қарамастан ас бөлмедегі шкфатың төменгі жағында тұрған газ баллонын редукторынан ажыратып, сыртқа алып шығады», – деді ведомстводан.
Анықталғандай, аталмыш пәтерге орталықтандырылған газ да тартылған. Үйде бес күн бойы орталықтандырылған газ болмай, сол жарылыс болатын күні ғана беріліпті. Жарқын Шаяхимов бұл пәтердегі газ кранын да жабады. Ақыры тұрғындармен бірге тілсіз жаумен арпалысып жүріп оны ауыздықтайды. Осы кезде шақыру бойынша өрт сөндіру бригдасы да келеді.
Оларға Жарқын мән-жайды түсіндіреді. Жарқын Шаяхимов органдарда 2000 жылдың 3 сәуірінен бастап қызмет атқарады. Қызметін прокуратурада бастап, 2005 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Осы жылдың күзінен бастап азаматтық қорғау органдарында, 2020 жылдың 30 сәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін Ақмола облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апатты құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жедел кезекші лауазымында қызметін жалғастырды.
Үйленген, төрт қыз тәрбиелеп отыр. Әріптестерінің сөзінше, Жарқын Қуандықұлы 17 жылдан қан тапсыруда донор болып келеді.
Еске сала кетсек, кеше Көкшетау қаласының Көктем шағын ауданындағы бес қабатты тұрғын үйде газ жарылды. Одан екі адам зардап шекті.