ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексеей Цой ревакцинациядан өткісі келгендер неге ағзадағы антидене сынамасын тапсыру керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Вакцина адам ағзасын белгілі бір деңгейде аурудан қорғай алады. Бізге өтініштер түскен. Екпе алған азаматтардың кейбірі уақыт өте келіп, ағзасында антидене мөлшерінің түсіп кеткенін байқаған. Біз сондай адамдарға қайта екпе алуды ұсынамыз. Ал негізі ревакцинация бірінші кезекте алғы шепте жүрген қызметкерлерге ұсынылады. Біздің негізгі көздегеніміз – коронавирус жұқтыру қаупімен бетпе-бет келетін адамдар ревакцинацияға жатады. Біз оларға кеңес береміз. Басқа азаматтар ағзасында антинеде мөлшері түсіп кеткенін көрсе, қосымша доза алу мүмкіндігі бар», – деген министр, бүтін әлемде қайта вакциналау әуелі алғы шептегі қызметкерлер мен осал топтар арасында жүргізіліп жатқанын еске салды.
«Бұған дейін айтқанымдай, мен ағзамдағы антидененің мөлшерін тексергелі отырған жоқпын. Біз алғы шептегі қызметкер болғандықтан, ревакцинацияның мерзімі келгенде антидене талдауынсыз-ақ, қайта екпе алуға барамыз. Жеке өз басым антидене сынамасын тапсырғалы отырған жоқпын. Оның қажеттігін көріп тұрғаным жоқ. Антидене мөлшерін біліп барып қайта вакциналауға бару былайғы адамдарға қосымша мүмкіндік ретінде ұсынылып отырғанын түсіну маңызды. Вакцинаның екі компонентін алып, уақыт өте келе антидене жоқ екенін көрген азаматтарға қайта вакцина алуды ұсынамыз, кеңес береміз», – деді министр. Сондай-ақ, ол елде ревакцинация халықаралық тәжірибеге сүйеніп жалғасатынын ескертті. Өзге елдер ревакцинацияға жататын санаттардың қатарын кеңейтсе, Қазақстанда да бұл мәселе қарастырылуы мүмкін.
«Әуел баста біз қайта вакциналауды алғы шептегі мамандардан бастауды көздеген болатынбыз. Бүкіл әлемде солай істеліп жатыр. Әлемде жаңа көрсеткіштер пайда болып, ревакцинацияға жататын санаттар кеңейтілгенде біз де сол жолмен жүреміз. Бізге қазір халықаралық тәжірибе маңызды болып отыр», – деді Алексей Цой.