Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов орталық коммуникациялар қызметінде пара беріп, Pfizer вакцинасын салдыру туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды «Aqmola News».
«Pfizer-ді күтетін және армандайтын адамдар бар екені түсінікті. Әйелдердің өтірік жүктімін деп айтса немесе пара беру арқылы осы вакцинаны алуға әрекет етсе, қандай шара қабылдайсыздар?», – деп сұрақ қойды журналистер. «Pfizer вакцинасының өзін 12 жастан бастап жасөспірімдерге және жүкті әйелдерге қолдануға болады. Үшінші триместрдегі әйел өзінің жүктілігін жасыра алмайды, бәрі анық көрініп тұрады. Денсаулық сақтау министрлігі қанша адамды вакциналау туралы шешім қабылдағаннан кейін біз оны жүзеге асыруға дайынбыз. Барлық жұмыс орталықтандырылып, мұздатқыш қондырғылармен қамтамасыз етіледі. Пара беріп вакцина алу нұсқасы да мүмкін емес. Біз бәрін заңнамалық нормада пысықтаймыз», – деп түсіндірді Тимур Мұратов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда халықтың 68% коронавирус вакцинасының 1-компонентін алды.