Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры кезекті XXV театр маусымын Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасының премьерасымен ашты.
Жан тебірентер сезімдер мен жанарға жас үйіріп, көрерменнің көңілін толқытып, алмағайып арсыз заманның шындығын асқан шынайылықпен жеткізген құнды қойылымның қоюшы режиссері әйгілі актер, режиссер, театр педагогы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаев. Көргені мен түйгені мол өнер адамының Шахмет Құсайынов театрының артистерімен бір ай мерзімінде жасаған жұмысы театр ұжымы үшін үлкен тәжірибе, көрерменге теңдессіз сый болды. Бұл қойылымның орны ерек. Себебі мұнда шынайы өмір бар. Бүгінгі қоғамда кеңінен белең алған ащы һәм жеркенішті проблемалар тізбектелген.
Немере бағып бақытты ғұмыр кешіп отырған Таубай (Арт. Қайрат Мырзаболатов) мен Сағиланың (Арт. Маржан Бөкешова) еркелетіп өсірген есер ұлы көлікпен келе жатып аялдамада тұрған бейкүнә адамды қағып кетеді. Аңдаусызда айып арқалап басына қара бұлт үйірілген ұлдарын уайымдап шарасыз күй кешкен ата – ана шерменде күй кешіп түнектен шығудың жолын іздейді. Таубай (артист Қайрат Мырзаболатов ) мен Сағиланың (артист Маржан Бөкешова) тірі жесір есебіндегі келіндері Айнагүлдің (артист Ғалия Қорабаева) кесірлігі мен шайпаулығы, мұңға батып еңсесі түсіп шаттығы шайқалған шаңырақтың берекесін алады.
Бауыр еті баласы үшін жанын беруге дайын отырған ата-анаға тығырықтан шығудың жолын іздескен болып бар ғаламның қулық-сұмдығын бір бойына сыйдырған жылпос, бас пайдасын ғана ойлайтын өлермен Жорабек (Еркебұлан Төлеуов) келіп тығырықтан шығудың жолын іздескен сыңай танытады. Тағдыр тауқыметін тартып, бар күйініші ішін өртеп өлермен халде отырған отбасына демеу берген болып жүрген Жорабек, мәселені шешу үшін 100 мың доллар керектігін жеткізеді. Бұндай көлемді қаражат шұрық-тесік жыртық үйде отырған қарапайым отбасына ауыр соққы, жығылғанға жұдырық болады. Жорабек бұл ақшаны Таубайдың ескі танысы, Сағилаға жастайынан ынтықтығымен, құштарлығымен есте қалған қалталы азамат Мырзабектен сұрауға нұсқайды. Мырзабекке тізе бүгіп, сұрау сұраудан басын аулақ ұстап, өмірде адалдықты ғана жақтаған Таубай бұл оймен келіскісі келмейді.Тығырықтан шығудың жолын таппаған ана беттің арын белбеуге түйіп баласы үшін ар-ұятты, дүние –мүлікті, ойын-күлкіні садаға етіп Мырзабектен ақша сұрауға бекінеді. Ақыры Мырзабек, бір шартпен ғана керекті соманы ұсынады. Ол шарты ескі ғашығы Сағиланы басы-байлы бәйбішесі етіп алу. Бұл шарт Таубай мен Сағиланың сағын сындырып есенгіретіп тастайды…
Адам жанының бір бөлшегі бала. Баласының бақыты үшін аң да, адам да аянып қалмасы анық. Түрмедегі күйеуін жоқтап зар илеген келін мен жанары жәудіреген немерелері Еркетайға (Айару Мыңжасар) қарап шақшадай басы шарадай болған Таубай мен Сағила Мырзабектің ұсынысымен шарасыз күйде келіседі. Жемқорлық пен тойымсыздықты кәсіп етіп жамандық пен жағымпаздыққа дәнекер болып жүрген Жорабек (Еркебұлан Төлеуов) барлық мәселенің түйінін тапқандай екі жақсыны өз қолымен ілезде ажырастырады. Ұрпағы үшін тағдырдан баз кешкен Таубай ақыры кезбелікке салынып қоқыс ақтарып күн кешеді. Оның жалғандағы жалғыз сенер серігі, адал досы бомж Сергей (Арт. Асланбек Шайсұлтанов). Ол да жаны таза, әділетсіздікке қас ең сәулетті ғимараттардың сәулетшісі болып аты шықан адам еді. Жемқор жүйе оны да кезбе етіп көше кездіріп қоқыс аралатып қойды. Ар-ұяттан безінген, санасы суалған жемқор биліктің бишігі болғысы келмей түнектен сәуле іздеген Сергейлер мен Таубайларға анау жылы орындар мен жайлы креслоларда орын жоқ.
Жамандық пен жасандылыққа жаны қас жүрегі қардай ақ, махаббатқа адал, көңілі кіршіксіз ұрпағым деп қам жеген Таубай бейнесіндегі ҚР мәдениет қайраткері Қайрат Мырзаболатовтың бұл жолғы ойын бедері көрермен көңілінен шыға білді. Оның сағнадағы шынайылығы көп жылдық тәжірибесінің нышанындай көз тартады. Әр айтқан сөзі мен іс әрекеті қабысып жаныңды баурап кейіпкер әлеміне жетелейді.
Күллі ананың балаға деген жанашырлығы мен аярлық сезімдерін өне бойынан өткізіп , айыпты болған жалғыз ұлын уайымдап шыр-пыр болған шерлі шеше бейнесін адам жанының нәзік иірімдері мен ұштастырып Сағила бейнесі арқылы көрерменнің жанарына жас үйіріп, актерлық өнердің тамаша үлгісін көрсеткен ҚР Мәдениет саласының үздігі Маржан Бөкешованың ерек бейнесі жүректерге жол таба білді. Оның жар дегенде жалғыз ұлы үшін жанын жалынға орап жарғақ құлағы жастыққа тимей зар илеген үні еріксіз ойға шомдырып төбе құйқаңды шымырлатады.
Қазақ келініне тән инабаттылық пен ұяңдықты ұмыт қалдырып ата-енеге шаптығып сөйлейтін, беттен алып төске өрлейтін шайпау әйел Айнагүл бейнесі арқылы сахнаға сән беріп бүгінгі келіндердің бет бейнесін айшықтап берген актриса Ғалия Қорабаева өз бағытынан жаңылмай кейіпкер болмысы арқылы көкейге көп ой салды.
Қойылымның өн бойына қан жүгіртіп сұм заманның сұрқиялығы тәрізді сан құбылып жүріп барлық мәселені өз пайдасына шешіп үйренген, намыссыз, жағымпаз, сатқын кейіпкер Жорабектің әр сөзі мен қимыл әрекеті арқылы сахна төрінде суда жүзген балықтай өнер көрсетіп, көпшілік ықыласына бөленген актер Еркебұлан Төлеуов өз ізденісінің нәтижесін көрсете білді.
Ұлтының қамын жеген, озық ойлы, адал адамдардың қоғамнан көрген теперіші кесірінен кезбелікке ұрынған, кешегі теңдессіз архитектор бүгінгі қоқыс ақтарған кезбе-қайыршы Сергей бейнесі арқылы актер Асланбек Шайсұлтанов көрерменге терең ой салып өз шеберлігі арқылы ар-ұяты кеткен қоғамның жеткен жерін әдемі көрсетті. Таубай мен Сағиланың немересі Еркетай ролі арқылы өзінің зеректігімен, еркелігімен көзге түскен бүлдіршін Айару Мыңжасар театр сахнасындағы дебютін сәтті бастады.
Көше кезіп қоқыс аралап жүрсе де елі мен жерінің тілеуін тілеп жүретін кезбелер бейнесіндегі артистер Ержан Әубәкіров , Кәсіп Елеусіз, Аяулым Сұлтанбектер жоғарыда адами құндылықтың қалмағандығын, ұлтқа деген махаббат пен жанашырлықтың баяғыда саудаға түсіп кеткендігін еске салды.
Қойылымның қоюшы суретісі Маймұра Топанбаеваның сценографиялық шешімін атап өткен жөн. Сахна төріндегі екі есік пен жыртық үй бейнесіндегі шұрық тесік қабырғалар арқылы көп нәрсе аңғартты. Жыртық үйге тамшы ауыр демекші жемқорлық пен бейберекетсіздік жаулаған бүгінгі қоғамдағы қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайынның төмендігін, өтірік пен көзбояушылыққа алданған қарапайым жұрттың көріп жатқан күнін толық жеткізе білген. Өз ісінің нағыз майталманы бет әрлеуші Айна Баймұратованың да мүлтіксіз еңбегі қойылымға өзіндік әр беріп тұрды.
Ашкөздікпен адами болмыстан адыра қалып, ар-ұяттың өзін саудаға салғызған бүгінгі қоғам бейнесін арқау еткен қойылым әлі талай көрерменің жанарына жас үйіріп жанын тебірентері сөзсіз…
Ш.Құсайынов атындағы облыстық
қазақ музыкалық драма тестрының
әдебиет бөлім меңгерушісі Манарбек Қыдырбай.