Ақмолалық жеңіл атлеттер ел чемпионатының жүлдегерлері атанды, деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандандырылған балалар және жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резервтегі тәрбиеленушілер арасындағы жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты Қарағанды қаласында өткен.
Ақмола облысының намысын Көкшетау қаласындағы №1 мамандандырылған балалар және жасөспірімдердің олимпиадалық резервтегі спорт мектебі қорғады. Команда жалпы командалық есепте 32 команданың ішінде бесінші орынға қол жеткізген.
«Біздің спортшыларымыз қыздар арасындағы 4*100 эстафетада күміс жүлдеге қол жеткізді. Команда құрамында Кристина Миньковская, Анастасия Кононович, Татьяна Но мен Мария Алексеенколар болды. Сондай-ақ, ерлер арасында да асығымыз алшысынан түсіп 4*100 эстафетасында күміс алқаны қоржынға салды. Команда сапында Егор Воеводин, Вадим Карнаухов, Александр Жигарь мен Әлішер Серікбаевтар болды. Жекелей сында жастар арасында 100 метрге жүгіруде Вадим Карнаухов екінші орынға тұрақтады. Албиіктікке секіруде Әлішер Серікбаев қола жүлдеге ие болды», – дейді Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.