Синоптиктер қазан айының алғашқы күніне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды «Aqmola News».
«Мәскеу аудандарынан жылжып жатқан солтүстік-батыс антициклонның ықпалынан батыс және оңтүстік аймақтарды қоспағанда, ҚР аумағының басым бөлігі әлі де өтіп бара жатқан циклон жырасының ықпалында болады. Еліміздің солтүстігінде, солтүстік-батысында, орталығында және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады, оның соңы көктайғаққа ұласады. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінде жел күшейіп, түңгі және таңғы сағаттарда тұман түседі», – делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Атап айтқанда, түнде және таңертең Ақмола облысының оңтүстік жартысында көктайғақ болып, тұман түседі, облыстың солтүстігінде, шығысында жел 15-20 м/с дейін жетеді.
Таңертең және күндіз Қостанай облысының солтүстік-шығысында, шығысында көктайғақ болады, түнде және таңертең солтүстік-батыста, батыста тұман түседі.
Солтүстік Қазақстан облысында күндіз басым бөлігінде жел 15-20, облыстың оңтүстік-шығысында екпіні 23 м/с дейін жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде жел 15-20 м/с дейін жетеді.
Түнде Павлодар облысының шығысында, күндіз солтүстігінде тұман түседі.
Түнде Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында көктайғақ болып, түнде және таңертең солтүстікте тұман түседі.
Алматы облысының оңтүстігінде, шығысында жел 17-22 м/с дейін жетеді.
Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түседі, оңтүстік-батыста және таулы аудандарда жел 15-20 м/с дейін жетеді.
Күндіз Түркістан облысының таулы аудандарында жел 15-20 м/с дейін жетеді.