Ақмолалық Теміртас Жүсіпов әскери қызметшілер арасындағы бокстан әлем чемпионатында елімізге алғашқы алтын медальді олжалады, деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери қызметшілер арасындағы бокстан 58-ші әлем чемпионаты Мәскеу қаласында өтіп жатыр. Шаршы алаңға 36 елден келген 231 боксшы шықты.
Ақмола облысынан шыққан Теміртас Жүсіпов 49 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Финалда Бразилиялық Леандерсон Консейсаомен қолғап түйістірген боксшымыз төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті.
Шаршы алаңдағы жекпе-жек үш раунда созылған. Ал айқас нәтижесін жариялаған кезде қарсыласы таңданысын жасырмады. Ұйымдастырушылар алтын медальмен қатар Теміртасты чемпион белдігімен де марапаттады.