Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ақмола дарыны «дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты облыстық инновациялық идеялар онлайн-байқауы өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Конкурс білім алушыларды ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында зерттеу, өнертапқыштық қызметке тарту және дарынды балаларды қолдау мақсатында өткізілді.
«Іс-шараға облыстың әр ауданынан және Көкшетау қаласынан 13-17 жас аралығындағы 22 оқушы қатысты. Оқушылар 9 номинация бойынша жұмыстарын ұсынды. Бұл автокөлік пен өнеркәсіптің қолданыстағы модельдерін жасау саласындағы техникалық дизайн жобалары, ғарышкерлік және аэроғарыштық, жылу энергетикасы, авиация, құрылыс және басқа да салаларда жобалар», – деді ұйымдастырушылар.
Жас өнертапқыштардың жұмысын білікті қазылар алқасы бағалады, оның құрамына Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің профессорлық-оқытушылық құрамы кірді.
Байқау қорытындысы бойынша Аршалы, Бурабай, Шортанды, Целиноград, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласының оқушылары үздік атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, ал жетекшілері алғыс хаттармен марапатталады.
Айта кетейік, бірінші орын алған оқушылар қазан айының соңында өтетін республикалық байқауда Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.