Синоптиктер бейсенбі, яғни 16 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды «Aqmola News».
«Циклон әсерінен ҚР солтүстігінде, солтүстік-батысында, батысында жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Қалған аумақта антициклон жотасының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы болуы мүмкін. Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, батысында және оңтүстігінде жел соғып, солтүстігінде тұман түседі», – делінген «Қазгидромет» РМК баспасөз хабарламасында.
Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында солтүстік-батысында, солтүстігінде найзағай ойнап, тұман түседі, түнде оңтүстігінде жел 15-20 м/с, күндіз басым бөлігінде 15-20 дейін, екпіні 23-28 м/с күшейеді.
Түнде Ақмола облысының солтүстік-батысында, күндіз басым бөлігінде найзағай ойнайды, жел 15-20 м/с дейін күшейеді.
Қостанай облысының солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында найзағай ойнайды, солтүстік-батысында, оңтүстігінде жел 15-20 м/с дейін күшейеді.
Күндіз Павлодар облысының солтүстігінде, солтүстік-батысында найзағай ойнайды, жел 15-20 м/с дейін күшейеді.
Күндіз Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, шығысында, Қызылорда облысының орталығында, Қарағанды облысының батысында 15-20 м/с дейін жел күшейеді.
Түнде Шығыс Қазақстан облысының шығысында, Қарағанды облысының солтүстігінде, солтүстік-шығысында 2 градус үсік сақталады.
«Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарының басым бөлігінде, Қостанай, Қарағанды облыстарының оңтүстік-батысында, батысында, Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында және оңтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Павлодар облысының орталығында, Ақмола облысының солтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады», – делінген хабарламада.