Мемлекеттің, ұлттың сипаты, ең алдымен, оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрінеді. «Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елді мекен, жер-су атауларында жатыр» деген болатын классик жазушымыз Сәбит Мұқанов.
Еліміздің жер-су, елді мекен атауларына көңіл бөлу, оларды тарихи тұрғыдан реттеу жұмыстары тәуелсіздік алғаннан кейін қолға алынды. Кеңес Одағы кезінде сол замандағы тоталитарлық жүйенің әсерінен көп өзгеріске түсіп, қазақтың байырғы атауларынан бір белгі, не бір із қалмағандай еді. Бұл халқымызды ұлттық санасынан ажыратудың, бөліп-бөлшектеудің сол кезеңде жүргізілген саясаты болатын.
Бүгінде ұмытылып, халық жадынан өшірілген тарихи атауларды қайтару, қалпына келтіруге мемлекеттік деңгейде тиісті көңіл бөлінуде. Еліміз егемендігін алғанына 30 жылдың жүзі болды. Енді келмеске кеткен Кеңес заманының атау-ларынан арылып, төл атауларымызды толықтай қалпына келтіретін уақыттың жеткені анық. Тамыры терең тарихи атауларды көзден таса, көңілден тыс кетірмей, қайта жаңғырту бабаларымыздың аманаты деп білуіміз қажет.
2007 жылы аудан орталығы Малиновка ауылының атауы өзгертіліп, ауыл Ақмол, ал, округ – Ақмол ауылдық округі деп аталды. Одан кейін 2007-2012 жылдар аралығында жалпықазақстандық мараторий жарияланып, 2016 жылға дейін ол мараторийдің мерзімі ұзартылып, ономастика саласындағы жұмыстар тоқтатылып, тек түсінік жұмыстары іске асырылды.
2016-2021 жылдар аралығында Целиноград ауданының 267 жаңа және идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерін, 4 ауылдық округін, 10 елді мекен атауларын ауыстыру бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Қайта аталған ауылдық округтер мен кейбір елді мекендер атаулары қазір былайша қалыптасқан. Нұресіл (Воздвиженка), Ыбырай Алтынсарин (96-разъезд), Аққайың (Малотимофеевка), Опан (Антоновка), Жарлыкөл ауылдық округі (Краснояр), Жарлыкөл (Красноярка), Арайлы ауылдық округі (Максимовка), Арайлы (Максимовка), Ынтымақ (Фарфоровое), Жабай (Миновка), Жаңаесіл ауылдық округі (Новоишимка), Жаңаесіл (Новоишимка), Қарамеңді батыр (Семеновка).
Ономастика саласындағы жұмыстар «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 Қаулысымен бекітілген қағидалардың негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі біздің өңірдегі ономастика саласындағы көптеген игі бастамаларға қолдау білдіріп, сондағы ғылыми қызметкерлер архивтерде ізденіс жұмыстарын жүргізу арқылы байырғы жер-су атауларын қайтаруда жан-жақты ғылыми сараптамадан өткізген құнды деректерін ұсынды.
Осы ретте, солардың кейбірімен бөлісіп өтсем деймін. Мәселен, Целиноград ауданының Приречное ауылы. Омбы облыстық тарихи архиві қорындағы №198 қор, 1-тізім, №48 (Карта переселенческих и запасных участков проектированных в 1897 г.) картада қазақ жеріне қоныс аударушылар орныққан жерлерге басқа атаулар берілгендігі анық көрсетілген. 1897 жылғы дерек бойынша, қазіргі Тұмсық аталған қонысқа Приречное деген жаңа атау бергендігі айқын көрініп тұр.
Софиевка ауылының көне аты – Қойайырған. Бұл дерек ОМА №371 қор, 1-тізім, 56 а істен табылды. Ол 1914 жылғы мұрағатта, яғни, Ақмола уезіне көшіп келгендерді орналастыру туралы құжатта анық жазылған. ОМА №371 қор, 1-тізім, 56а істе көрсетілген. Преображенка атауы бұрынғы Жарқияқ ауылы.
Қазақ «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» деп тегін айтпаса керек. «Біздің қазақ – жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай өлкеге барсаң да жер-су, жаһан дүзде кездескен кішкентай бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» дейді қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов. Біз өзіміздің атау берудегі ұлттық танымымыздан айрылмай, алдағы уақытта ауданымыздағы идеологиялық тұрғыдан ескірген 8 елді мекеннің, 40-тан астам көшелер атауларын өзгертуге бағытталған түсіндіру және тарихи жер-су атауларын жаңғырту жұмыстарын іске асыра түсеміз. Бұл – уақыт талабы, тәуелсіз ел болудың шарты.
Айгүл СҮЙІНЖАНОВА,
Целиноград аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
басшысы.