Ақмола облысының білім басқармасы жыл сайынғы жоспарға сәйкес, «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесіне арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен.Қазақстан халқы Тілдері онкүндігінде мектепке дейінгі балалар ұйымдарында және қала мектептерінде бірқатар ашық сабақтар, жарыстар, челлендждер ұйымдастырылады,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Бұл туралы тіл мерекесін мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары барысында өткізілген брифингте басқарма басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова мәлім етті.
Барлық іс шараларды өткізудегі мақсат – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау, тілге деген сүйіспеншілік арқылы елін, Отанын, тарихын құрметтеуге баулу. Жас өспірімдер түрлі байқаулар мен ұжымдық іс шаралар аясында ойын жүйелі түрде жеткізуді, сөздік қорларын кеңейтіп, сөз сөйлеу мәдениетін, грамматикалық білімін жетілдіреді деген үміт бар.Мұндай шаралар жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезімін, мәдениетін дамытады деп ойлаймын,-дейді Ботагөз Дүйсенова.
Оның айтуынша, ең алдымен 14 жастағы өзге ұлт оқушыларының арасындағы «Мемлекеттік тіл –менің тілім» атты байқауы ұйымдастырылады. Бұл сайысқа жалпы білім беретін мектептерінің 14 жасар басқа ұлт өкілдеріі қатысады.
Одан кейін Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Ыбырай салған сүре жол – ұрпаққа өнеге» атты дөңгелек үстелді Көкшетау қаласы №1 мектеп-гимназиясы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ұйымдастырылады. Іс-шараға 10 сыныптардың 50 шақты оқушылар қатысады (қатысушылар мен көрермендер).
«Тәуелсіз елім – кең байтақ жерім» атты мәнерлеп оқу сайысы облыстың барлық мектептерінде ұйымдастырылады. Үздік оқушылар интернет сайттарында мәнерлеп оқу қабілеттерін көрсетеді. Осы тақырыпта мектептерде ұлттық және спорттық ойындар өткізіледі.
Мектеп оқушылары арасындағы көркемсөзді әр тілде мәнерлеп оқу бойынша «Тілден қымбат қазына жоқ» атты челлендж ұйымдастырылады,-деді ол.
Мектепке дейінгі білім ұйымдарындағы ересектер мен мектепалды даярлық топтары үшін «Тіл – достықтың мерейі» атты іс-шара, Отан, тіл және білім – болашақтағы тірегім» атты мақал-мәтелдер сайысын да өткізу жоспарланып отыр
Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін балалардың арасындағы «Балғын шақ» балалар байқауы өткізіледі.