Ақмола облысында мемлекеттік қызметтердің 91 пайыздан астамы электрондық форматта көрсетіледі. Бұл туралы «Antikor.Live» жобасы аясында өткен тікелей эфирде облыс әкімі аппаратының мемлекеттiк қызметтердің ұсынылуын талдау бөлiмiнің басшысы Данагүл Жұмабек мәлім етті, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқарамасының баспасөз қызметі.
Бөлім басшысы мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Мемлекеттік қызметтер тізілімінде қарастырылған жергілікті атқарушы органдар көрсететін 172 қызмет түрінің 157-сі немесе 91,3 пайызы Еgov порталы арқылы жүзеге асырылады.
«Мемлекеттік қызметтердің негізгі бөлігі тегін көрсетіледі, бұл шамамен 86 пайыз. Ақылы қызметтер тек рұқсат беру құжаттары бойынша жүзеге асырылады, сонымен қатар азаматтық хал актілеріне әсер етеді, осы жағдайларда мемлекеттік баж салығын төлеу қажет. ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс – шаралар жоспары аясында мемлекеттік органдардың алдында «жасырын» мемлекеттік қызметтерді анықтау және оларды тиісті тізілімге енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді барынша цифрландыруды қамтамасыз ету міндеті тұр», – деді Данагүл Жұмабек.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша облыстық жергілікті атқарушы органдар қандай жұмыстар жүргізіп жатқанын айта келе, Данагүл Жұмабек қызмет көрсету кезінде қандай да бір бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында күн сайын мониторинг және бақылау жүргізілетінін атап өтті. Өткен кезеңде 111 бақылау іс-шарасы өткізілді, оның қорытындысы бойынша әртүрлі тәртіптік жазалар шығара отырып, 252 ұсыным әзірленді.
«Өңірдің әрбір тұрғынының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейін арттыру біз үшін басым бағыт болып табылады. Осы тұрғыда, бүгінгі таңда облыстың барлық 19 өңірінде «сервистік әкімдіктер» жұмыс істейді, онда азаматтар қажетті мемлекеттік қызметтерді бір жерден ала алады. Сондай – ақ, ауылдық округтерде де халыққа қызмет көрсетудің «сервистік» форматына көшу жүзеге асырылуда», – деді ол.
Сонымен қатар, Данагүл Жұмабек атап өткендей, ауылдық округ әкімдіктерінің ғимараттарында, денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарында 1016-дан астам Еgov.kz» өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылып, жұмыс істеуде. ЖАО-ның құзыреті шеңберінде мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі және азаматтардан ақпараттық жүйелерден алуға болатын анықтамаларды талап етпеу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «Egov Mobile» мобильдік қосымшасын пайдалану жөніндегі ақпарат 229 баннерде, сондай-ақ ЖАО-ның ресми интернет-ресурстарында орналастырылған.