Қазақ елі Тәуелсіздігінің 30 жылдығы әрі Конституция күні қарсаңында 30 ақмолалық азамат баспаналы болды. Сарыарқа шағын ауданында салынған жаңа пәтерлердің кілтін облыс әкімі Ермек Маржықпаев табыс етті, деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Облыс әкімі өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық салалары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй саласында қойылған міндеттердің орындалғанын атап өтті.
«Негізгі мемлекеттік басымдықтардың арасында әрбір отбасын өзінің жеке баспанасымен қамтамасыз ету мәселесі ерекше орынға ие. Облыста тұрғын үй құрылысы бағдарламасы барлық бағыттар бойынша жүзеге асырылуда. Өңірде «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламаларымен баспаналы болғандардың қатары өсіп келеді. Тек соңғы төрт жылда ғана облыста 2 миллион шаршы метрдер астам тұрғын үй салынып, 17 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады», – дейді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.
Облыста жыл соңына дейін 700 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың шаршы метрге артық болып отыр.
«Бүгін біз кезекті мәрте Сарыарқа шағын ауданында пәтер кілтін табыс етудеміз. Соңғы жылдары бұл ауданда облыс орталығындағы аса ірі инфрақұрылымдық жобала жүзеге асырылды», – деді облыс әкімі.
Аталған ауданда тағы көп пәтерлі 12 тұрғын үйдің құрылысын аяқталып ол үйлер әлеуметтік жағдайы осал топтарға жалға берілмек. Сондай-ақ «Отбасы банкі» салымшылары үшін де несиелік 5 тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Ал бүгін Конституция күні қрсаңында тағы 200 отбасы баспаналы болып қоныс тойын тойлайды.